{metadescription}
Дәрігерлер пәтерлеріне кіре алмай далада жүр
Дәрігерлер пәтерлеріне кіре алмай далада жүр

Дәрігерлер пәтерлеріне кіре алмай далада жүр

Нұр-Сұлтанда «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспаналы болған дәрігерлер пәтерлеріне кіре алмай жүр. Су мен жарықтың жоқтығы оларды бірнеше жылдан бері әбден қажытты.Көпқабатты үйді өздерінің қаражатына салған дәрігерлер әкімдіктің «мәселені шешеміз» деген құрғақ уәдесінен де күдер үзіпті. Тауы шағылған ақ халатты абзал жандандардың шағымын тілшіміз Гүлбағда Қайратқызы тыңдап қайтты.

Мына 9 қабатты тұрғын үйді салу үшін елорда әкімдігі №1 қалалық ауруханаға жер телімін береді. «Темірді қызған кезінде соққан» 70 дәрігер өздері қалталарынан ақша шығарып, үйдің іргетасын қалап, салуды бастайды. Кейін күштері жетпеген соң, тағы да үлескерлер тартып, құрылыс компаниясын жалдайды. Әупірімдеп жүріп, көпқабатты үй бой көтереді. Енді қоныстойды тойлаймыз, пәтерімізге кіреміз деген дәрігерлердің қуанышы су сепкендей басылады. Сөйтсе, бұл маңда су, жарық, кәріз жүйесі жоқ екен.

«Нұрлы жердің» шарапатына емес, машақатына бөленген жұрт қазір үйлерін тек сыртынан торуылдайды. Көшіп келейін десе, инженерлік инфрақұрылым тартылмаған. Миллиондаған қаржысын өз баспанасына салғандардың басым бөлігі несие алған, пәтер жалдап тұратындар да бар. 

Мақпал Елібаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Жеті жыл бұрын бүкіл қаражатымызды салып, бірнеше жыл ЖСК-ға ақша төлеп, несие алдық. Осы пәтер бітпей жатыр, әлі күтіп жүрміз. Медиктерге, ақ халатты абзал жандарға мемлекетімізден, акиматтан ешқандай көмек жоқ.

Тұрғын үйдің мемлекеттік бағдарламамен салынды деген аты ғана, оның өзекті мәселелерін шешуге әкімдік баяу қимылдап жатқан көрінеді. Шуласқан топтың анда-мында сабылғанына міне екі жылдан асқан. Олар су мен жарық, кәріз жүйесін жасауға мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткенін анықтапты. Тендерде жеңген компания ақшасын да алып алған. Бірақ, жұмыс сол күйі, қаз-қалпында.

Баһодүр Хедиров, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Конкурс өткізілген. Олар жеңіп алған. Бірақ, олардың қолында проект жоқ. Бүгінгі күнге дейін бірнеше рет біз қала әкіміне, құрылыс басқару департаментінің бастығына барғанбыз. Олар кейінге шегеріп келеді. Сонымен ғана әуре болып жүр. Қаңтарда бітіреміз деген. Қаңтардан соң, наурызға, наурыздан соң, мамырға, сосын шілдеге. Қазір қыркүйек дейді. Бірақ, үйдің төңірегінде ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.

Жұмыстың жүргізілмеуін әкімдіктегілер былай түсіндіреді. Көпқабатты тұрғын үй өндірістік аймақта орналасқан екен. Оған инженерлік инфрақұрылым тарту үшін сол маңдағы жер үйлерден жеке-жеке рұқсат алу керек. Оған біршама уақыт қажет. Ал құрылыс қасындағы электр жүйесі Ақмола облысына қарайды. Егер сол жүйеге қосылса, бұқара тарифті екі еселеп төлейді.

Амангелді Саттар, Нұр-Сұлтан қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Жобаның қасында Ақмола облыстық электр жүйесі бар. Бірақ, біз қаладағы жүйеге қостық. Өйткені, облыстың тарифі қаланың тарифінен жоғары. Заң бойынша жобаның сарапталу уақыты бар. Үш жылдан өтіп кетсе, біз қайтадан заң бойынша өткізуіміз керек. Өйткені, қайтадан қарастырмасақ, бюджеттің шығынын біз өтей алмаймыз.

Құрылыс басқармасындағылар қырқына шыдаған жұртты қырық біріне де шыдауға шақырды. Сараптама қорытындысы бүгін-ертең дайын болады деген сенімде. Құжаттарды қолға ала салысымен шенеуніктер іске кіріспек. Олар осы тұрғын үйге қарама-қарсы тұста салынған көпқабатты үйден су, жарық, кәріз жүйесін қараша айында дәрігерлердің үйіне тартып бермек. Ақжағалылардың сөзіне сенсек, 240 отбасы биыл жаңа жылды өз пәтерінде қарсы алады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.