{metadescription}
Ауғанстанда Қазақстан дипломаттары қалды
Ауғанстанда Қазақстан дипломаттары қалды

Ауғанстанда Қазақстан дипломаттары қалды

Ауғанстандағы ахуалға алаңдаған Қазақстан билігі кешелі бері шұғыл түрде екі жиын өткізді. Бірінші кезекте, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қазір, ол жақта дипломаттар ғана қалды дейді Сыртқы Істер министрлігі. Ал Ауғанстанның өзінде қазір хаос.

Билік толығымен тәліптердің қолына өтпей тұрып-ақ президент Ашраф Ғани мен бүкіл әскери қолбасшылары дүние-мүлкін түгендеп, тайып тұрған. Ал үлгермей қалған қара халық Кабул әуежайында ұшақтардың доңғалағына жабысып, құлап өліп жатыр.   

Әлем назарын аударған Ауғанстандағы қақтығыста «Талибан» қозғалысы ақыр соңы дегеніне жетіп тынды. Ел астанасы Кабулға емін-еркін кірген тәліптер президент сарайында туын тігіп, Ауғанстан Ислам Әмірлігін құратынын жариялады. Ал қантөгісті қаламадым деген президент Ашраф Ғанидің өзі бірінші болып қашып кеткен. Оның нақты қай мемлекетке тұрақтағаны әзірге белгісіз.

Барадар молда Ахунд, «Талибан» қозғалысы басшысының орынбасары

- Бүкіл Ауғанстан халқын, әсіресе Кабул тұрғындарын және біздің моджахедтерді жеңіспен құттықтаймыз. Қазір сынақ уақыты. Біз өз ұлтымызға қызмет көрсетеміз, тыныштық сыйлаймыз. Олардың өмірін жақсарту үшін барымызды салатынымызды айтқымыз келеді.

Айта кетейік, АҚШ әскери күшін әкете бастағасын қайтадан бас көтерген радикалдар санаулы күнде елді толықтай бақылауына алды. Ақ үй қаржыландырған ұлттық армияның қарсылық көрсетуге қауқары жетпеді. Америрканың өзі қазір сондағы азаматтары мен елшілік қызметкерлерін эвокуациялау үшін жанталасып жатыр. Ал «Талибан» өкілдері 20 жылға созылған соғысқа нүкте қойдық дегенімен ел ішінде үрей кезіп, нағыз дүрбелең басталып кетті. Кабулдағы әуежайға ағылған халық ебін тауып елден кетудің қамын жасауға кіріскен. Тіпті, ұшақтың шассиіне жабысып көкке көтерілгендер төмен құлап мерт болып жатыр.

Ауғанстандағы ахуал бірінші кезекте Орта Азия елдерін алаңдататыны анық. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқтаев кешелі бері шұғыл түрде екі жиын өткізіп үлгерді. Онда ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ауғанстанда қазір санаулы елшілік қызметкерлерінен басқа жерлестеріміз жоқ. Десе де, мемлекет басшысы жағдайды бақылауда ұстау керектігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр.

Сондай-ақ, соңғы күндері елімізге Ауғанстаннан босқындар келуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Бірақ, Ақорда бұл мәселеге қатысты шешім қабылдамаған. Естеріңізге салайық, «Талибан» қозғалысына Қазақстанда 2005-ші жылдан бері лаңкестік ұйым ретінде тыйым салынған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде