Нұр-Сұлтан ауруханалары науқастарға тола бастады
Қанша адам емделіп шықса, соншасы жаңадан түсіп жатыр. Елордалық дәрігерлер тілшілерге ковид науқастарының қаншалық көп түсетінін, қандай жағдайда жатқанын өз көзімен көруге мүмкіндік берді. Ауыр сырқаттан аман қалған науқастар болса көздеріне жас алып, өмірге қайта оралғандай күй кешіп жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.08.2021
Әйтсе де вирус жұқтырушылардың көптігі соншалық, пандемия басталғалы екі жыл өтсе де ақ халаттылардың жұмысы бұрынғыша қауырт күйде. Таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жалғасатын ауыр жұмыста ақ халаттылар арнайы қорғаныс киімінде жүруі тиіс. Олардың қандай жағдайда жұмыс істейтінін сезіну үшін елордалық тілшіміз Ербол Тұрымбет ауруханада болып, жағдайды өз көзімен көріп келді.
Елордадағы №3 көпбейінді қалалық аурухана ковид науқастарын қабылдайтын қаладағы санаулы мекеменің бірі. Мұнда кіру үшін үстіңізде бір реттік немесе бірнеше рет қолданылатын арнайы киім болуы керек. Оның машақаты да көп. Бетперде, бас киім, сырт киімдерді рет-ретімен шатаспай кию керек.
Ковид науқастарымен жұмыс істейтін әрбір дәрігердің күнделікті жұмысы осыдан басталады. Яғни, таңғы сағат 7-де келгеннен бастап әуелі осылай мұқият киіну процесінен өтеді. Онан соң әрбір 3 сағат сайын осы киімін ауыстырып отыруы керек. Айта кетейік, осы бір ғана киінгеніміздің өзі біздің жарты сағат уақытымызды алды.
Қазіргі уақытта мұнда ковид жұқтырған 200 науқас емделіп жатса, 18 адам жансақтау бөлімінде. Аурухана өкілдерінің айтуынша, былтырлары күніне 50-60 адамнан емдеп шығарып отырған кездері болыпты. Бірақ жағдай қазір де мәз емес. Күніне 20 адам үйіне шығарылса, сол мезетте 20-сы қайта толады.
Галина Богатикова, емделуші:
- Мен сенбі күні түстім. Вирус өкпемнің 45 пайызын алып кеткен еді. Сатурациям 92 болған. Тамағым құрғап, демала алмай қалдым. Келген бойда система салып, дәрі беріп, емдеуге керісті. Үздіксіз ем-дом жасап, сейсенбі күні өзімді жақсы сезіндім.
Сауығып шыққандарының қай-қайсысы да дәрігерлерге алғысын жаудырудан жалығар емес. Көздеріне жас алып жатқандары қаншама.
Күнсұлу Сарыбаева, емделуші:
- Өткен дүйсенбі күні түстім. Жағдайым нашарлау еді. Оттегімен демалдым. Келгенде маған бірден укол, дәрі, система барлығын қойып, маған өте жақсы қарады. Мен өте ризамын бұл дәрігерлерге, медбикелерге. Алғысым шексіз. Міне, жақсы болып қалдым. Бүгін Құдай қаласа, үйге шығарып жатыр.
Оларды қарап, жағдайын бақылап отыратын мамандардың жұмысы шыдам мен төзімді қатты қажет етеді. Қорғаныш киімінде күні бойы жүретіндіктен қапырық пен тер адамды тез шаршатады. Мұндайда таза ауамен бір тыныстаудың өзі таптырмас рахат.
Алтынбек Сарыбаев, дәрігер-невропатолог:
- Сағат 7-де басталады жұмыс. Негізінен 8-де. Бірақ біз 7-де келеміз. Барлық науқастарымызға бір рет курация жасап шығамыз. Температурасын, давлениесін, жалпы жағдайын қарап шығамыз. 04:20:59 Түсте, кешке, 6-да солай кеткенше. Біздің жұмыс уақытымыз 6-7-ге шейін. 6 деп аталғанымен, сағат 8-ге дейін жүретін уақыттар болады.
Сөйтіп жүріп дәрігерлердің өз-өзін күтінуіне де мұрша болмай кетеді. Айталық, осындағылардың барлығы дерлік ковидпен бірнеше рет ауырып шыққан.
Әйгерім Сауранбаева, дәрігер-невропатолог:
- Эпидемия басталды ғой, сол кезде. Бірінші болып түстік. Өйткені, науқастар білесіз ол кезде әлі анықталмаған еді. Сондықтан бәрін қабылдап жүре бердік қой. Сол кезде ауыр науқастан реанимацияда жұққан болатын. 04:26:15 Екінші рет жазда ауырдық. Ол кезде, сол қарбалас кезінде ғой бәрі.
Өйткені, күн сайын қабылдау бөлімінен кемі 3-4 адам бірден жан сақтау бөліміне түседі. Бәрінде вирус өкпесінің 90-95 пайызын алып кеткен. Олармен де жұмыс істеуге тура келеді.
Николай Ким, №3 көпбейінді қалалық аурухананың бөлім басшысы:
- Науқастар қабылдау бөлімінен аса ауыр жағдайда тура осында түседі. Компьютерлік таммография жасаймыз. Мында өкпесінің 90 пайызын алып кеткен. Сатурациясы 50. Жатқанына алтыншы күн. Ешқайда қаралмаған, вакцина алмаған, үйде емделмеген. Ақыры осындай болып тұр. Біз қолдан келгенін жасап жатырмыз.
Айта кетейік, осы күні ел бойынша 119 547 адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың арасында 507 адамның жағдайы өте ауыр, тағы 228 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал елордада жан сақтау бөлімінде жатқандар саны 251.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!