Амангелді Сейітхан өмірден озды
Қазақ журналистикасында орны толмас қаза. Әйгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан 52 жасында мәңгілік мекенге аттанды. Марқұмның қазасына алты құрлыққа ауыз салған коронавирус себеп болған.
Автор: Cалтанат Шырынхан
17.08.2021
- Армысыздар! Бүгін Қазақстан Құрама команда хоккейшілері әлем біріншілігінің іріктеу матчтарына қатысу үшін Австрияға ұшып кетті.
Жеңісті күндерде жолыққанша деп қоштасатын Амангелді Сейітханның есімі мәңгі ел есінде қалмақ. Ол ұтқыр сөз, табан астындағы тапқырлығымен қазақ спорт журналистикасында ойып тұрып орын ала білген мықты маман. "Оң қапталдан тепкен Мессидің добы ауға түскен шортандай шапшыды-ау қақпада", "Әттең, Зидан қазақ болғанда," " Бір голдың болатыны сөзсіз бүгін, дəл қай минутта екенін айта алмаймын" деп - ақын Төлеген Айбергеновтың өлеңінің астарын айналдырып, тікелей эфирдегі осы іспеттес импровизациялары қанатты тіркестерге айналды. Сондықтан да доптың додаларын, спорттық сайыстарды Амангелді Сейітханның жүргізуін қазақ көрермені қалап отыратын. Марқұм осы саладағы 30 жылында алғашқы қызметін «Спорт» газетінен бастап, «Қазақстан» телеарнасында «Тұғыр» атты авторлық бағдарламасын жүргізген. Сондай-ақ, қарапайым тілшіліктен, спорт редакциясына басшылық етуге дейін көтерілді. Артынша «Хабар» арнасына ауысып, өмірінің соңына дейін сонда жұмыс істеді. Алғаш рет 1998 жылы футболдан Францияда өткен әлем біріншілігінің тікелей трансляциясын көрерменге қазақ тілінде ұсынған болатын. Содан бері шетелде өтетін дүбірлі додаларды жалпақ жұртқа ұлттық тіркестермен жеткізіп отырды. Амангелді Муатханұлы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған. Ақындық қырымен де танылған ол талай жас спорт комментаторларын да тәрбиеледі. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі туған жері- Шығыс Қазақстан облысында өтеді.
Ермұхамед Мәулен, Спорт комментаторы:
- Қазақстан құрамасы жақында Финляндияда ойнау керек болған. Ойнау керек 3-і күні қыркүйектің. 7-і күні Босинада. Сол сырттағы ойындарға матчқа да барайын деп жатқан. Дайындалып отырған. Қазір мынау паспорты менде. Визасын жасатып, суретін шығарып барлығын дайындап қойған едім. Амал жоқ енді ол сапарға Амангелді Сейітхансыз барамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!