Халық саны 19 млн-нан асты
Биылғы халық санағында пандемияның отбасылық табысқа қаншалықты әсер еткені, коронавируспен ауырғандығы мен вакцина алғаны және азаматтардың Қазақстаннан кету жоспары бар-жоғы да сұралады. Ұлттық статистика бюросы бүгін санаққа қатысты тағы бір рет толыққанды түсініктеме берді.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.08.2021
Пандемия жағдайында санақ өткізіп не керегі бар деген сұраққа да статистика бюросының айтары бар. Негізі былтыр өткізуі тиіс науқан биылға шегерілген болатын. Енді ары созуға болмайды деп отыр. Санақтың тағы не жаңалығы бар?
Алдыңғы 2009 жылғы санаққа қарағанда азаматтардың мүгедектігіне, діни сеніміне, тіл білуіне және миграциялық жағдайына қатысты жаңа сұрақтар енгізіліп отыр. Жалпы, биыл біз ғана емес, әлемде 61 ел халқын санайын деп отыр екен. Оның үстіне, қарастырылған 9 миллиард бюджеттің біразы жаратылып қойған. Сондықтан кейінге қалдыруға болмайды.
Санақта барлығы 91 сұраққа жауап алынады. Оның ішінде әлгінде айтылғандай, пандемияның отбасы кірісіне әсері, коронавируспен ауырғаны мен вакцина алғаны қамтылған. Тіпті, елден кету туралы ниетінің бар-жоғы да сұралмақ. Жалпы, осындай шақта санақ өткізіп не керек, бюджетке салмақ түсіргенше, әр түрлі базадан мәліметтерді жинай салмай ма деген де пікірлер бар. Бірақ Ұлттық бюро өкілі ол деректердің толық мәліметті бере алмайтынын айтады.
Сонымен, 91 сұраққа жауап алу арқылы ел азаматтарының жас ерекшелігі, білім деңгейі, денсаулық жағдайы, еңбек өтілі, өмір сүру жағдайы мен отбасы құрылымы және неке жағдайы туралы деректер анықталады. Соның бәрі қамтылып, алдағы уақытқа елдің экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, миграциялық және басқа да болжам жасалмақ.
Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Тұратын және келушілер тізіміне арналған сұрақтар. 8 сұрақтан тұрады. Тұрғын үй жағдайлары туралы 8 сұрақ. Жеке адамдарға қойылатын сұрақ бұл жерде ең үлкен парақша болып табылады, 42 сұрақ. Және де шетелдіктерге қойылатын сұрақтар.
Алдымен жұрт «sanaq.gov.kz» сайтында өз мәліметін өзі тәуліктің кез келген уақытында толтыра алады. Одан қалыс қалғандарын кейін санақшылар әр үйді аралап жүріп толтырады. Санақ үшін 27 мың планшет сатып алынған. Оның азғантай бөлігі Статистика бюросының өзіне қалады да қалғаны мектептер мен ауруханаларға таратылып беріледі. Тек, осы санақтан ешкімді қалдырмаймыз, тіпті елде заңсыз жүргендер де санақта есепке алынады дейді бюро өкілі.
Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Барлығына барамыз. Қалалық жерлерде арнайы әкімдіктермен келісілген. Интервьюерлерге қоғамдық көлікпен қатынау тегін болып отыр. Ауылдық жерлерде біріншіден өзінің аулындағы тұратын азаматтарды жұмысқа тартамыз. Неге десеңіз, жүріп-тұру оңай болу үшін.
Айта кетсек, өткен санақта Статистика комитетінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева 700 миллион теңгеден астам бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталып, төрт жыл өмірін абақтыда өткізген еді. Содан болар, биыл қызметкерлердің қаржыны игеруге қатысуы тым сирек екен. Оның үстіне, 2009 жылы әр адамды санауға 2,6 доллар кетсе, биыл 1,1 доллар ғана қарастырылған.
Айта кетейік, ұлттық санақ осымен үшінші рет өтейін деп отыр. Ол 1-қыркүйек пен 30-қазан арасына жоспарланған. Қазіргі статистикалық мәлімет бойынша халық саны 19 миллионнан асып кетті. Ал санақтың әдепкі қорытындылары алдағы желтоқсан айында бастап шығады. Соңғы мәліметтер 2023 жылы белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!