Қуаңшылық салдарынан 178 мың гектар егістік алқабы жарамсыз болып қалған
Биылғы қуаңшылық салдарынан елімізде 178 мың гектардан астам егістік алқабы жарамсыз болып қалған. Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, дәнді дақылдар алқаптары жағдайының едәуір нашарлауы тек Қазақстанда ғана емес. Бұл үрдіс әлемнің көптеген астық егуші елдеріне әсер еткен.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.08.2021
Мәселен, Канадада өткен жылмен салыстырғанда бидайдың жалпы түсімі 31,6 пайызға төмендейді деп күтілуде. Ал АҚШ-та былтырғымен салыстырғанда 4,4 пайызға азаяды деген болжам бар. Көрші Ресейде де 15 пайызға кемиін деп тұр. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, құрғақшылықтың салдарын зерттеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылған. Олар астық егетін аймақтардың барлық аудандарын зерттеп, мынадай қорытындыға келіпті. Дәнді дақылдардың жалпы егіс алаңының 85,2 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланады. 13,7 пайызы нашар күйде. Тағы 178 300 гектары мүлде жарамсыз.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы:
- Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша астықтың жалпы түсімінің болжамды көлемі 15,3 млн тонна деңгейінде күтіліп отыр. Бұдан басқа, республикада 3,5 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы бар. Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы жиналатын астықтың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ, астықтың белгілі бір көлемін экспорттауға жеткілікті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!