Алматы облысында қамқорлығындағы балаларды жәбірлегендер жауапқа тартылады
Алматы облысында қамқорлығындағы балаларды жәбірлегендер жауапқа тартылады. Әлеуметтік желіде ағайынды үш ұлды қорғаншылыққа алған отбасының әрекеті әшкере болған видео тарады. Онда кішкентайдың бірін жұдырықтап жатқан кадрлар құқық қорғау орындарының қолына тиген.
Автор: Cалтанат Шырынхан
18.08.2021
Балаларға бас-көз боп отырған 35 жастағы келіншек пен оның күйеуінің құқығы шектеліп, балаларға қол көтерген ұлдары уақытша қамауға алынды. Қазір жәбір көрген жеткіншектердің туған ата-анасы іздестірілуде.
Оқиға Сарқан қаласында болған. Видеода 17 жастағы жігіттің 9 жасар ұлды желкелеп, жұдырықтап жатқаны анық көрінеді. Тіпті күн сайын арқасына кірпіш қойып, аузына құм құйған кездері болыпты. Осылайша балалардың жылаған жан дауыстарын еститін көршілері жасырын камераға түсіріп, құзырлы орындарға тапсырған.
Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:
- Бұл факт сотқа дейінгі біріңғай тізілімге ҚР Қылмыстық кодексінің 110 бап, 2-ші бөлігі бойынша тіркелді. 17 тамыз күні аталған комиссияның отырысы болып өтті. Оның шешімі бойынша атан-ана қамқорлықтан босатылып, 3 жеткіншек бала жасөспірімдерді оңалту орталығына жайғастырылды. Қазіргі таңда аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Анықталғандай, 14, 9, 7 жастағы ағайынды ұлдарды қазақ отбасы қамқорлығына былтыр алған. Тіпті ерзі-зайыптылар оларды асырап алуға бірнеше рет өтініп сұраған екен. Енді бір жыл өткен соң, яғни екі күн бұрын ғана 35 жастағы келіншек кішкентайларды қайта тапсырғысы келетінін айтып әкімдікке барыпты.
Ғалым Маманбаев, Сарқан ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы:
- Негізінен балалар детдомнан алынбаған. Бұл балалардың анасы бар. Анасы құқынан айрылмаған. Анасы өз балаларды тәрбиелеуден отказ берген болатын. 2020 жылдың маусым айында Чернолок Анастасия деген сол кісінің сұрауы бойынша бірнеше рет сұрауы бойынша балалар соған опекунствоға берілген болатын. Бірақ 1 жыл өткеннен кейін жанағы Чернолок Анастасия балаларды қарауға мүмкіншілігім жоқ. Балалардың мінезі қиын екен. Соларды қайтарып алудың мәселесі қалай болар екен деп ол кісі бізге арызданған. Сол арызды қарағаннан соң, 2 күннен кейін болған дүние.
Осылайша мамандар қамқорлығына алған отбасының ешқандай жәрдемақы алмағанын айтады. Сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар санатына жатпайды деп отыр. Қазір туған ата-анасы іздестірілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!