Демалыс күндері локдаун сақталады
«Қызыл» және «қою қызыл» аймақтарда демалыс күндері локдаун сақталады. Өйткені, онсыз елдегі эпидахуалды тұрақтандыру мүмкін емес. Бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың бұл өтініші премьер-министр тарапынан бірден қолдау тапты.
Автор: Ербол Тұрымбет
18.08.2021
Алайда карантин талаптарын сақтамайтындар былай тұрсын, өз бетінше емделіп, уақытында дәрігерге қаралмай жүрген науқастар да жағдайды одан бетер ушықтырып отыр . Жансақтау бөліміне түсетіндердің көбі де солар дейді министр.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, соңғы үш апта ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Мысал үшін, тамыз басталғалы ковидтің таралу индексі 14%-ға төмендеген. Қазір бір апта ішінде орта есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркеледі. Бірақ «қызыл» аймақтарда қатаң тәртіп бәрібір сақталу керек дейді Алексей Цой.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Елде эпидахуалды тұрақтандырып, коронавирусты ұлғайтпас үшін «қызыл» және «қою қызыл» өңірлерде демалыс күнгі локдаунды қалдыра беруді ұсынам. Сонымен қатар, мониторингтік топтың жұмысын күшейтіп, кәсіпкерлердің өтінішін ескере отырып «Ashyq» лидерлерінің талаптарын жетілдіру керек.
Өйткені, Түркістан облысын қоспағанда, барлық өңірлер қазір қызыл аймақта. Сондықтан, жағдай лезде өзгере салуы мүмкін. Оған тағы бір себеп, вакцинациялау қарқынында да кемістік бар. 6 өңірде, Шымкент пен Алматы қалалары, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында вакциналау қарқынды жүріп жатқаны байқалады. Бірақ шау тартып жатқандары да жетерлік. Мәселен, Маңғыстау облысында екпенің бірінші дозасын алғандар көрсеткіші 35% ғана.
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Маңғыстау, Атырау, Қостанай және БҚО-да вакцина салу қарқынын күшейту керек. Вакцина қорын толықтыру шаралары қабылданып жатыр. Оқу жылына дайындық аясында мұғалімдерге вакцина салуды 25-тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту қажет.
Жалпы, елімізде вакцинаның бірінші бөлігін салдырғандар саны 6 миллионнан асты. Ол вакциналауға жататын халықтың 62%-ы. Ал екі бөлігін толық салдырғандары шамамен 4 миллион 800 мың. Ол 48 пайыз деген сөз.
Министр Цойдың айтуынша, осы аптада жансақтау бөліміне түскен науқастардың үлесі әуелгі күндерде 40%-дан асқан. Оның себебі де бар. Ол ел аумағына таралған аса қауіпті Дельта штаммының әсерінен екен. Оның үстіне, науқастардың дер уақытында медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделуі де жағдайды ушықтырып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!