Ауғанстандағы этникалық қазақтар елге көшіріледі
Ауғанстаннан бүгін Қазақстан азаматтарының алды елге оралды. Алматы әуежайына қонған әскери ұшақтың бортында 42 адам болған. Оның 25-і Ауғанстанда әртүрлі себеппен жүрген және дипломатиялық қызметте болған Қазақстан азаматы. Қалғаны Қырғызстан, Литва мен Ресей азаматтары.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.08.2021
14 қырғыз, бір ресейлік пен литвалық Қазақстан елшілігінен көмек сұрапты. Қазір тәліптердің билігіне өткен Ауғанстанда елшіліктің 10 қызметкері қалған. Барлығының қауіпсіздігі қамтамасыз етілген деді Сыртқы істер министрлігіндегілер. Сондай-ақ, Ауғанстанда қалған 200 этникалық қазақ та елге көшірілетін болады. Тиісті тапсырманы бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Тарихи отанына қайтқысы келетін қазақтардың өтінішін елшілікте қалған қызметкерлер қабылдап жатыр екен. Яғни, Ауғанстандағы этникалық қазақтар елге оралғысы келсе ру-тайпасын, шыққан тегін, қазақ тілін міндетті түрде білу қажет дейді Сыртқы Істер министрлігі. Ал, соғыстан бас сауғалаған ауған босқындарын жаппай қабылдағалы жатыр деген ақпаратты ведомство өкілдері жоққа шығарды.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы Істер министрлігінің ресми өкілі:
- Біз тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен байланыстамыз. Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін Қазақстан азаматымыз деп таныстыратын жағдайлар жиілеп кетті. Бірақ олар өз тарихы мен ру-тайпаларын айта алмайды. Біз қазақстардың тарихи Отанына оралу үшін өтініштерді мұқият қараймыз. Этникалық қазақтар тарихын айту керек, қазақша сөйлеу керек. Елшіліктегі арнайы комиссия оларды анықтайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!