{metadescription}
Ашынған халық БАКАД құрылысын тоқтатты
Ашынған халық БАКАД құрылысын тоқтатты

Ашынған халық БАКАД құрылысын тоқтатты

Үлкен Алматы айналма жолына қатысты тағы наразылық шарасы өтті. Бұл жолы Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғындары жолды жауып, қыз-қыз қайнаған автомагистраль құрылысын тоқтатты. Соның салдарынан тасжолдың маңында жүк көліктері қаз-қатар тізіліп, ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Бейбітшілік ауылының тұрғындары қалаға тек айналма жол арқылы қатынайды. Сондықтан елді мекен халқы әкімдіктен шаһарға шығатын балама жолды салып беруді талап етті.

Үлкен Алматы айналма жолының маңында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Бұл жүк көліктерінің міндеті -тас төсеу. Алайда жүргізушілер таңнан бері жұмыстарын бастай алмай, қаз-қатар тізіліп тұр. Өйткені, ашуға мінген Бейбітшілік ауылының тұрғындары олардың жолын бөгеді. Наразылыққа шыққан жұрт жергілікті биліктен жалғыз қалаға кіріп-шығатын жолды жаппауды сұрайды.

Талғар ауданына қарасты елді-мекен халқы көліктерін жолға кесе-көлденең қойып, 20 шақты камаздың өтуіне мүмкіндік берген жоқ. Төзімдері таусылған тұрғындар жанайқайымыз осылай жеткізуден басқа амалымыз қалмады деп ұлардай шулады. Себебі, әкімдіктегілер бұл мәселені шешуге құлықсыз көрінеді. Ал ақылы айналма жол салынса ауыл жұртының тіршілігі тұралап, қаламен қатынас  қиындайды.

Айгүл Нұрмағамбетова, Бейбітшілік ауылының тұрғыны:

- Осы жолды өзіміз тас төсеп жасағанбыз. Осы бір-ақ жол кіретін жолымыз. Сол жолдың өзін мына БАКАД-ты көтеріп, жауып жатыр. Бір апта бұрын әкімдіктен келіп, сөйлеп кеткен. Жол жасап береміз деген. Міне, қаншама уақыт өтті. Ешкім қимылдаған жоқ. Жақында оқу басталады. Мектепке балаларды мына жолмен апара алмаймыз.

Қос бүйрегі істемей қалған Русланды да осы түйіткіл алаңдатады. Өйткені, ол аптасына үш рет ауруханаға барып, түтікше арқылы қанын тазартып жүр. Бірінші топтағы мүгедек айналма жолды пайдалануға берілсе денсаулығым нашарлап, жедел жәрдем қызметін шақыра алмай қиналамын ба деп қорқады.

Руслан Болатұлы, Бейбітшілік ауылының тұрғыны:

- Гемодиалессіз өмір жоқ қой. Оны алмасам ауырып қаламын. Кейде тынысым тарылады. Сол кезде жедел жәрлем қызметін шақыртамын. Жол жоқ болса білмеймін қалай келетінін. Жол салып беруді сұраймын.

Бейбітшілік ауылында жүзден астам отбасы тұрады. Шағын елді мекеннің айналасындағы гектар-гектар жерге соя, жүгері егілген. Осы алқап арқылы қалаға шығуға болады. Бірақ жердің иесі Байсерке Агро холдингі аталған аумаққа бұқараны аттап бастырмайды екен. Күйінген қараша алып компанияға қауқарымыз жетпейді деп отыр. Сондықтан шенділер олармен ортақ мәмілеге келуді сұрайды.

Венера Қирашева, Бейбітшілік ауылының тұрғыны:

- Мына алқапта соя өсіп жатыр. Оны суарып жатыр. Бұл жердің адамдары жаяу адамды да жүргізбейді. Айыппұл саламыз дейді бізге. Біз енді қайда барамыз. Қай жермен жүреміз. Балаларымыз оқиды. Менің үш балам оқиды. Ертең мектепке қалай апарамын.

Бұқараның базынасын тыңдауға аудан әкімінің орынбасары келді. Ол көпшіліктің көкейіндегі түйіткілді тарқатамыз деп сендірді. Әкімдіктегілер облыс қазынасынан қаржы бөлінген соң БАКАД-тың кесірінен қамауда қалатын елді-мекендерге балама жол салуға кіріспек.

Ермек Толқынов, Талғар ауданы әкімінің орынбасары

- Осы БАКАД-тың балама жолдарын жасауға 177 млн теңгеге өтінім беріліп қойдық. Қазір сол қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз. Қыркүйек айында ақша бөлеміз деп отыр. Ақшаны қалай отырғызады. Сосын осы жұмыстарды бастаймыз. Талғар ауданында балама жол 10 аумақ бар. Ал Байсерке Агро бізді қолдап отыр. Үкімет, халық үшін жерді береміз деп отыр.

Айта кетейік, құны 167 миллиард теңгеге бағаланған айналма жолдың құрылысы екі жыл бұрын басталған. Бетоннан құйылатын тас жол қаланың солтүстік аумағын түгел айналып, Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтеді. Автомагистраль 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жан-жағы қоршалатын ақылы жолда көрінген көлік иесі емін-еркін жүре алмайды. Кешеуілдеп басталған мақтаулы жобаның сызбасы 2013 жылы мақұлданған. Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері сегіз жылдан бері айналма жолдың маңында талай үй салынып кеткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жауаптылар жоғарғы жылдамдықпен жүйіткитін тас жолға сол маңайдағы ауыл халқы емін-еркін көліктерімен кіріксе, жол апаты жиілейді дейді

Жамбыл Бактияр, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз жергілікті халыққа осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әкімдікпен тиісті бас жоспарды жасап жатырмыз. Жолдар қаламен жанасады. Оның барлығы пысықталып жатыр. Жол алты жолақты. Сондықтан екі деңнейлі қиылысулар біздің нормативке рұқсат етілмейді. Оған басты себеп ол жердегі жылдамдық 150 км/сағ есептелінген.

Шенеуніктер жыл соңына дейін Үлкен Алматы айналма жолына қатысты бас жоспарды дайындап, қалаға шығатын жол сұрап шулаған жұрттың мәселесін шешуге тырысамыз деп отыр. Ал Бейбітшілік ауылының халқы атқамінерлердің кезекті уәдесі орындалмаса айналма жолда жатып, аштық жариялауға бекінген. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде