Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы өседі
Бүгін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесін өткізген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім жүйесінде болатын өзгерістерді тізіп шықты. Оның бірі - мектеп директорларының жалақысына қатысты. Енді бұрынғыдай 40 бала оқитын мектеп пен 2 мың бала оқитын мектептің директорлары бірдей жалақы алмайды. Өйткені, жұмыс ауқымы мен жауапкершілік деңгейі екі түрлі. Сондықтан жалақылары да екі түрлі болуы керек. Ал жаңа жылдан бастап балабақша мен мектеп, колледж мұғалімдерінің жалақысы да өседі.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.08.2021
Қыркүйектен бастап «Әліппе» және «Ана тілі», «Букварь» және «Обучение грамоте» оқулықтары бірінші сыныптарда қайтадан оқытыла бастайды. Ел жадына сіңген «Әліппені» 2016 жылы «Сауат ашу» оқулығы алмастырған еді. Жаңа оқулықты жақтырмайтындар көп болғандықтан қызу пікірталас та көп болған.
Министрдің айтуынша, жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалған. Бес нұсқаның ішінен үздігі іріктеліп, мазмұны, тапсырмалар жинағы заманауи кейіпкерлермен, қазіргі баланың танымына лайықты тілмен жазылып, оқу бағдарламасына қайта енгізіліп отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бірінші сыныпқа келіп отырған балапандарымызға осы «Әліппе» ең алғашқы кітап ретінде салтанатты түрде берілетін болады. «Әліппе» оқулығы дыбыспен жаттығу, әр дыбыстың сөз жасаудағы қызметін еске алу, буын бойынша оқыту, жалпы оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге деген сияқты каллиграфиялық және сауатты дамыту принциптері негізінде әзірленді.
Жаңа жылдан бастап балабақша мен мектеп, колледж мұғалімдерінің жалақысы 25 пайызға өсетіні белгілі. Білім ошағы басшыларының жалақысында да осы тектес өзгеріс бар. Министрдің сөзінше, жұмысы көп, ақшасы аз болғандықтан мықты менеджерлер мектептерге барғысы келмейді. Осы түсінікті жою үшін директорларға жалақы дифференциалды түрде берілмек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Менің айтып отырғаным, біз 40 бала оқитын мектеп директоры мен 1200-2000 балаға дейін оқитын мектеп директорына бәрдей жалақы береміз. Екеуінде жұмыс ауқымы мен жауапкершілік көлемі екі түрлі. Мұны талайдан бері айтып та жүрміз. Енді министрлік тиісті шешімді дайындап жатыр.
Тағы бір өзгеріс, осы қыркүйектен бастап мұғалім мектепке электронды түрде қабылданады. Яғни, бұрынғыдай мектеп директоры өз бетінше шешім шығарып отырмайды. Және бір жаңалық, мұғалімдер де оқытатын пәндеріне қажетті оқулықты таңдап оқытады. Яғни, бір пән бойынша бірнеше оқулық нұсқасы бар десек, соның қайсысы тиімді болса, соны оқытуына мүмкіндік беріліп отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бүгінгі таңда бізде гимназияда да, лицейде де, жалпы білім беретін мектепте де бірыңғай оқулықтар оқытылып жүр. Сондықтан бұл өзгеріс мәселені шешеді деген ойдамын. Оның үстіне, педагогтардың қажеттіліге қарай тапсырыс бере аламыз. Тек, Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихы ғана бірыңғай базалық оқулықпен оқытылады.
Осы сөз болып отырған мұғалімдерді дайындайтын жоғары оқу орындары соңғы жылдары министрліктің қаһарына ұшырағандай. Былтырдан бері елімізде сондай 36 жоғары оқу орны лицензиясынан айрылып, жабылып тынған. Өйткені талапқа сай келмейді.
Жоғары оқы орындары демекші, биыл олардың қызметінің типтік ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілген. Енді студенттерін қашықтан оқыту үшін арнайы лицензия алуы керек. Ал лицензия ақпараттық жүйесі мен осындай оқу үлгісіне дайындалған педагогтары жеткілікті болған жағдайда ғана беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!