Көлік жөндеу орталығынан алданғандардың жанайқайы
Алматыда көлік жөндеу орталығына алданғандар кімнен көмек сұрарын білмейді. Олардың айтуынша, келісім-шарт бойынша темір тұлпарларын жөндеуге қалдырғанымен ондағылар көлікті бірнеше ай ұстап, сол күйі кері қайтарып отырған. Ал кәсіпкер алдын ала төленген қаражатты қайтарудан бас тартады екен. Шағымданушылар алданғандардың қатары жүзден асып кететінін айтады. Тіпті, сан соғып қалғандардың алды полицияға арызданғанымен түк нәтиже өнбеген. Енді амалы таусылған топ жөндеу орталығын жауып тастауды талап етеді.
Автор: Мақсат Мәлік
20.08.2021
Вячеслав Мельник ауласында қаңтарылған көлігіне көзі түссе іші удай ашитынын айтады. Еңселі темір тұлпар құдды бір түгін қалдырмай тонап кеткендей алқа-салқасы шыққан. Техникалық жөндеу орталығы алдап соқты деген азамат былтыр көлігінің кем-кетігін түзетіп, шанағын толық боятуға бекініпті. Ақысына миллион 300 мың теңге санап берген. Қол алысқан шеберлер ұсақ-түйек бөлшегіне дейін шешіп тастап, іске кіріскендей сыңай танытады. Алайда, келісім-шарт бойынша екі айға жоспарланған жұмыс созылып кетеді. Жылдан астам сарыла күткен ол соңында көлігінің қаңқасын алып қайтады.
Вячеслав Мельник, Алматы қаласының тұрғыны:
- Кейбір бөлшектері жоғалып кеткен. Қайда екенін білмейміз. Ақшам текке кетпесін деп ақырына дейін шыдадым. 13 ай бойы күттім. Олар көлігіңді алып кет, ақшаны қайтармаймыз деді. Осылайша миллион 300 мың теңгем далаға кетіп, көлік шашылған қалпында тұр.
Ал жұмысына салғырт жөндеу орталығын күнде торуылдап жүретіндердің қатары көп екен. Қақпасын қағып, иесімен тілдесуге зар болғандар бәріміздің мұңымыз бір дейді. Қомақты қаржы төлеп сан соғып қалғандар жарнамасы жер жарған орталық жетекшісіне қапалы. Қолдарына келісім-шарт ұстаған зардап шегушілер көліктерінің жөндеу көрмегенін дәлелдей алмай жүр.
Дидар Солтанбеков, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мен машинамды 2021 жылдың наурыз айында өткіздім. Біздің келіскен шарт бойынша, машинаның геометриясын шығарып, алдың лонжерондарын ауыстыру керек болған. Бірақ алған ақшасын қайтармады, ремонтын жасаған жоқ. Машинаны қалай өткіздім, солай алдым.
Кирил Бутаков, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өткен жылдың мамыр айында көлігімді осында алып келдім. Толықтай бояп шығуы тиіс болған. 350 мың теңге төледім. Көлік 4 ай тұрғанымен жөндеу жұмыстары сол күйі аяқталмады. Ақырында әрең алып кеттім. Иесінің беті бүлк етпейді.
Қазір жөндеу орталығының маңайы көліктерге лық толған. Бірақ, кейбір темір тұлпардың төңірегін шөп басқандықтан біраз уақыт тұрып қалғанын аңғару қиын емес. Алданған тұрғындар сонда да орталықтың аумағы кеңейіп, тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқанын айтады. Олардың сөзінше, кәсіпкер ақшасын сұраған азаматтарды «жоғары жақта тіреуім бар» деп қорқытатын көрінеді. Ал есік алдындағы айқай-шудан соң кездесуге шыққан орталық иесі бұрынғы клиентерім жала жауып отыр деп есептейді.
Айбол Бақкүлеев, ТЖО иесі:
- Жұмыс жасалған. Бірақ, кейбіреулері аяқталмай қалып кеткен болатын. Келісейк, жұмыстарыңды аяқтап бере алмадым деп бәріне айтамын. Қандай ақша десек, берген ақшаның бәрін қайтарамын дейді.Клиенттер барсын да азаматтық сотқа берсін. Заң бәрімізге бірдей. Бұл жерде крыша, анау-мынау деген әңгіме керек жоқ. Заңға барсын, жүгінсін.
Амалы таусылған 20-ға жуық адам онсыз да полиция мен прокуратураға арызданыпты. Олар зардап шеккендердің қатары жүзден асып кететінін айтады. Алайда, құзырлы органдар істі әрі қарай жүргізуге ынталы емес дейді шағымданушылар. Сол себепті нақты шығын көлемі де белгісіз. Енді ақшасынан күдерін үзгендер өзгелер тағы құрыққа түспес үшін жөндеу орталығын жауып тастауды талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!