Карантин шектеулерін жеңілдетуді сұрайды
Қаулы әбден қажытқан! Алматыдағы базар басшылары мен кәсіпкерлер қаланың бас санитар дәрігерінен карантин шектеулерін жеңілдетуді сұрады. Айтуларынша, демалыс күндері локдаун енгізілгелі табыс көзі азайып, күнкөріс қиындаған. Бірақ жауапты департамент өкілдері індеттің таралу қаупі сейілмей, жеңілдік туралы сөз қозғаудың өзі артық деп отыр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
20.08.2021
Гүлмира Мағзұмова 20 жылдан бері осы базарда аяқ-киім сатады. Кәсіпкер пандемияда пайда дегенді ұмыттық деп қынжылады. Қарыздардан құтылып, табыс табамын деп отырған шақта жаңа қаулы шығып, күнкөріс тіптен қиындады дейді ол.
Гүлмира Мағзұмова, кәсіпкер:
- Көбінесе адамдар демалыс күндері келеді. Қазір жүрмейтін болды. Несие бар, жалға алу ақысы бар. Бірақ біз үлгермейміз. Себебі, айына 8 күн демалыс бар. Біз сауда жасайтын күндерімізді жоғалтып отырмыз. Қиналып отырмыз. Күніне бізге шыны керек 2-3 адам кіреді. 3 адам кірсе қуанамыз.
Бұл базарда Гүлмира сынды 200-ден астам кәсіпкер бар. Барлығы қаланың бас санитар дәрігерінен демалыс күндеріне енгізілген локдаунды алып тастауды сұрайды. Өйткені, дүйсенбіден жұмаға дейін базарға бас сұғатындар саусақпен санарлық. Сауда көпшілік демалатын сенбі, жексенбіде қыз-қыз қайнайды екен. Салы суға кеткен кәсіпкерлер сатушы ұстау былай тұрсын жалға алу ақысын әрең төлейміз деп мұңдарын шақты.
Мәриам Беркінбаева, кәсіпкер:
- Біз мемлекеттен еш нәрсе сұрамаймыз. Бізге тек қана жұмыс істеп отырған уақытымызды қысқартпаса болды.Мына Ашық жүйесімен менің 70 пайызым клиенттерім кіре алмайды. Көбісі үлкен кісілер. Телефондары жоқ. Жалға алу ақымыз жоғары. Ол жағынан да кішкене қиналамыз.
Абзал Исакеев, базар басшысы:
- Қаулыға байланысты базар әкімшілігі, жалға алушылар 100 пайыз вакцина алды. Екпенің екінші компонентін де алдық. Шығындарымыз қомақты. Тепловизор, санитайзер сынды қосымша шығындарымыз бастан асады. Коммуналдық төлемдер қымбаттап жатыр. Бұрын жалға алу құнын алдын ала төлейтін болса, қазір 10-20 мыңнан әкеп жатыр. Біз оларға қысым көрсетіп жатқан жоқпыз. Күнкөріс болған соң түсінеміз.
Қаланың санитар мамандары тәулік сайын тіркелетін науқастар саны азаймай карантин талаптарын жеңілдетуге болмайды деп отыр. Себебі, базарлар вирус жұқтыру қаупі жоғары орынға жатады. Жауапты департамент өкілдері кеселдің таралу қарқыны бәсеңдемесе қаулы тағы да ұзартылуы мүмкін дейді.
Сәдуақас Байғабылов, Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары:
- Демалыс күндеріндегі локдаун 31 тамызға дейін ұзартылған еді. Бұл шешімді біз өгертпейміз. Алматы қазір күн сайын кемі 1500 адам вирус жұқтырып жатыр. Қала «қою-қызыл» аймақта. Ал базар деген нағыз адам көп шоғырланатын орын. Ондай тәуекелге бара алмаймыз. Сондықтан науқастар саны азаймай, керісінше көбейетін болса біз шеуктеу шарасын тағы ұзартуды қарастыруымыз мүмкін.
Алматы тамыз айынан бері коронавирустың таралуы бойынша қауіптің «қою-қызыл» аймағынан шыға алмай тұр. Мамандар дерт дендеп тұрған шақта шектеу шараларын жұмсарту өте қауіпті деген пікірде. Айта кетейік, демалыс күндеріндегі локдаун қаладағы барлық бизнес өкілдерін алаңдататын ортақ мәселе. Кәсіпкерлер үміттерін үзбей, қалалық кәсіпкерлер палатасы мен әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!