Көлік ұрлығы көп
Қазақстанда Мерседес, Тойота, Мазда, БМВ, Фольксваген және Лексус маркалары жиі ұрланатын көліктер санатында. Әсіресе, соңғы кездері біреудің көлігін айдап әкетіп, көрші елге барып сатып жіберу белең алған. Басым көпшілігі Ресейден.
Автор: Ербол Тұрымбет
23.08.2021
Айта кетейік, тамыздың 16-сы мен 22-сі аралығында елімізде «Автокөлік» атауымен кеңкөлемді іздестіру шарасы өткен еді. Бір апта ішінде 25 көлік ұрлығы мен 93 айдап әкету жағдайы ашылған. Ал жалпы жыл басынан бері елімізде 843 көлік айдап әкету әрекеті тіркеліпті. Одан бөлек, тағы 216 көлік ұрланған. Биылдыққа қылмыстың осы түрімен айналысқан 749 адам ұсталған. Оның ішінде 17 қылмыстық топ бар. Министрлік өкілдерінің айтуынша, ұрлық әрекеттерінің ішінде қазіргі уақытта лизинг, несиеге немесе жалға алу әдістері көп қолданылатын болған. Әсіресе, соңғы уақыттары Ресеймен арада қатынаушылар арасында осындай қылмыстық жайттар жиі кездеседі екен.
Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Алаяқтар көлікті Ресейде лизингке алады. Сөйтіп, бірінші айында лизингін немесе несиесін төлейді. Одан соң көлікті Қазақстанға айдап келіп, біздің елде сатып, құжатын біздің азаматымыздың атына аударып кетеді. Ал Ресейде лизинг не несие төлемі тоқтағаннан кейін ол көлікті іздей бастайды. Таппаған соң іздеу жариялайды. Осы айла көлікті жалға алушылар арасында да кең таралған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!