Коронавирус құрбандары артты
Елімізде қауіпті кеселден тағы 137 адам көз жұмды. Ал соңғы тәулікте 6 мың 314 жерлесіміз коронавирус жұқтырыпты. Тәуліктік тізімде Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы көш бастап тұр. Өкінішке қарай, карантиндік шаралар күшейтілгенімен тұрғындар мейрамхана мен кафелердегі думанды кешті доғаратын емес.
Автор: Мақсат Мәлік
23.08.2021
Десе де аймақтарда жаңа оқу маусымына қызу дайындық жүріп жатыр. Сақтық шараларын реттедік деген шенеуніктер ұстаздардың жаппай вакцинациядан өтіп жатқанын айтады. Бірақ, екпеден бас тартып апта сайын ПТР тест тапсыратын мұғалімдер ақшаны қалталарынан төлейді дейді шенеуніктер.
Эпидемиологиялық ахуал күн санап ушыққан Алматы қаласында вирус жұқтырғандардың қатары азаятын түрі жоқ. Алатау бөктерінде соңғы тәулікте 1 615 адам коронавирустың құрығына ілігіпті. Індеттен құлан-таза айығып шыққандардан гөрі ауруханаға түсетіндердің саны екі көп. Қазір инфекциялық стационарларда 6 мыңнан астам адам ем қабылдап жатыр.
Алайда, карантиндік шара күшейгенімен тұрғындар той тойлауын доғаратын емес. Талапқа сай түнгі 22:00-ге жұмыс істеуі тиіс мейрамхана мен караокелердегі думанды кеш түн ауғанша қызып тұр. Демалыс күндері тексеру жүргізген топ осындай 35 мекенде заңбұзушылықты анықтаған. Ал жағдай тұрқасыз Маңғыстау облысында өңірдің бас санитар дәрігері біршама өзгеріс енген жаңа қаулы шығаруға мәжбүр. Бұдан былай «Ашық» қосымшасы жоқ нысандардың жұмыс уақыты қысқарды. Оларға бұрынғыдай 20:00-ге дейін емес, 17:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Сенбі, жексенбі күндері мүлдем жабық тұруы шарт. Айта кетейік, «Ашық» қосымшасы аймақтағы мектеп ішінде де қолданылады. Сақтықты күшейткен шенеуніктер мектептерге құны 108 млн теңгеге санитарлық құрал-жабдық сатып алдық дейді. Оқу маусымына санаулы күн қалғанда ұстаздар жаппай вакцинациядан өтіп жатыр.
Клара Құлатаева, Маңғыстау облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы:
- Мектептерге 15 мыңға жуық педагог келеді деп отырсақ соның 10 мыңнан астамы яғни 10 319-ы екпе алуға жарамды педагогтар. Олар түгел 10 пайыз екпе алды. Мектептерде маскалық режим сақталады. Сабақ кестесін қазір педагогтар балалардың топтасуын болдырмау мақсатында ыңғайластырып құруда.
Қарағанды облысының шенеуніктері де келесі аптада сабақты офлайн бастауға сақадай саймыз деп сендірді. Бірақ, бала саны 500 ден асатын мектептердің әзірге жартысына ғана турникеттер қойылған. Әкімдіктігілер бұған сатып алу мен тендер шараларының ережесі қолбайлау екенін айтады. Толықтай қазан айнының басында қамтылмақ. Оқу орындарына оқушы мен мектеп қызметкерлерінен өзге ешкім кірмейді. Бәрінің дене қызуы тексеріледі. Оқушы немесе мұғалімнен кесел анықталса сол сынып түгелдей қашықтықтан оқуға жіберіледі. Облыстық білім басқармасының сөзінше, мұғалімдердің 95 пайызы вакицина алған.
Гүлсім Қожахметова, Қарағанды облыстық білім беру басқармасының басшысы:
- Бүгінде бізде 3 мыңға жуық мұғалім медотвод алды. Ал вакинцациядан бас тартқан мүғалімдер жұмыс істегілері келсе әр 7 күн сайын ПЦР тест тапсырулары қажет. Ал тесттің ақшасын кім төлейді деген сұраққа, ол әркімнің өз шаруасы дегім келеді.
Айта кетейік, өткен тәулікте 6 мың 314 жерлесімізден ковид-19 анықталды. Өкінішке қарай, тағы 137 адам коронавирустан көз жұмды. Екі мыңға жуық науқастың жағдайы ауыр. Ал вирус жұқтырғандардың тәуліктік тізімінде Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!