Шошқадан шыққан шу
Атырауда көрші-қолаңды шошқа араздастырып қойды. Талпақ танаулардың санын күннен күнге өсіріп жатқан тұрғынға көршілері қарсы. Ақыры өздерінің сөзі өтпегесін, дауға ауыл әкімдігін араластырғанымен, одан да еш нәтиже жоқ. Өйткені, айналаны ластап, көршілерін жағымсыз иіске тұншықтырған азамат есігін тарс жауып, тірі жанмен тілдескісі келмейді екен.
Автор: Тәуірбек Бозекенов
24.08.2021
- Есқайыр, шық!!!
Жиналғандардың айтуынша дәл осы үйде Есқайыр есімді азамат талпақ танауларды таң азаннан шыңғыртып, бауыздайтын көрінеді. Ал жел тұрса қолқаны қабатын иіс бүкіл ауылға таралады екен.
Бақыт Құрамысова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Бір-екі шошқадан бастады. Қазір шошқасы көп. 100 бас болған болар. Күнде мына жерде айқайлатып не істеп жатады, сойып. Қырғын машина келеді, еттерін алып келеді. Енді иісі мүмкін емес. Менің үйім тиіп тұр. Терезе аша алмаймын. Бір күндері үй бүргелеп кетті. Ондай жағдай болды. Дихлафоспен әрең кетіріп алдым.
Жергілікті тұрғындар көршісіне шошқаларын басқа жаққа бағуын талап еткен. Тіпті әкімдікке де арыз жазып, шағымын айтты. Алайда оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ.
Амангелді Тасболатов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ауылдың ортасында тұрып шошқа бағу деген масқара ғой. Совхоз емес, колхоз емес. Шынына қалғанда бұл жерге үйдің иесін шақырып өзіне айту керек қой. Ол Германиядан көшіп келген неміс емес қой. Барғанда халықтың бәрі айтады: Үйіне кіргізбейді дейді. Кіргізбегесін мен шошқасын алуға бармаймын ғой.
Қысы-жазы қолаңса иістен зәрезап болғандар терезе ашудан қалған. Қаумалаған қауым шошқаны кәсіп қылған көршіміз атқамінерлермен ауыз жаласып алған деп күдіктенеді. Ал әкімдік болса кәсіпкерлік суб ъектілеріне мораторий жарияланғалы, ешкімге жақ аша алмай қалдық дейді.
Руслан Дәулетов, Атырау қалалық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Біреудің ауласына баса-көктеп кіре алмаймыз. Ол заңсыз. Еш себеп жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Водников ықшам ауданының адамдары жай ғана телеграмға жазған. Кейін біз шошқа бағатын азаматқа еткерту жасадық. Енді айтарымыз, нақты дәлелдермен, дәйектермен тұрғындар сотқа шағымдансын. Біз бірден білек сыбана кірісеміз
Ал шошқа бағып кәсібін дөңгелеткен азамат халықтың наразылығына қарамастан шаруасын кеңейтуге кұлшынып отырған көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!