{metadescription}
Алматыда жалға берілетін пәтер бағасы шарықтап шыға келді
Алматыда жалға берілетін пәтер бағасы шарықтап шыға келді

Алматыда жалға берілетін пәтер бағасы шарықтап шыға келді

Студенттер үшін де қазір нағыз қарбалас. Оқу офлайн болады дегелі Алматыда жалға берілетін пәтер бағасы аспандап шыға келді. Тіпті, ақшаның өзіне қазір баспана табу қиын. Оқу орнына жақын үйлерде бір бөлмелі пәтерді жалға алудың құны 180 мың теңгеге дейіп өсіп кеткен. Жатақханадан орын таппай, жалға алуға қалта көтермей студенттер қазір сабылып жүр. Ақының енді төмендемейтінін ескерткен риэлторлардың өзі бағаны реттеуге құзырлы орындар араласу керек деп отыр. 

Бауыржан Асқарұлы жолдастарымен бірге жалға берілетін пәтер іздеп жүрген жанның бірі. Апта бойы Алматыны шарлаған 4-ші курс студенті бағаның биыл аспандап кеткенін айтады. Әсіресе, қаланың орталығында жалға беру құны екі есеге көтерілді деген жігіт оқу ордасына жақын маңнан баспана табу қиямет-қайым дейді. Әупірімдеп жүріп қол жеткізгеннің өзінде иелері студенттерді жолатпайтын көрінеді. 

Бауыржан Асқарұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті:

- Пәтер мәселесі биыл қиын болып тұр. Өте қиын, күрмеуі көп мәселе болып тұр. Өйткені, студенттер үшін бағасы былтырғыдан қарағанда екі есе өскен. Былтыр 3 бөлмелі пәтерлер 180 мың теңгеден болса, биыл 270-280-нен болып тұр. Бұл студент үшін ауыр деп ойлаймын, бір жалақы, бір стипендияға қарап отырған. Сабаққа уақытылы келуің керек, жұмыс істеу қолайлы емес кей уақыттарда.

Расында да қайтадан офлайн оқуға көшетіндіктен Алматының тұрғын үй нарығында нағыз қарбалас басталды. Бірақ, жылдағы әдет болғанымен биылғы шарықтау шектен шыққандық дейді студенттер. Тіпті, қазір бір бөлмелі пәтерді жалға беру орташа есеппен 180 мың теңгеге дейін жеткен. Ал екі ортадан нәпақа айыратын риэлторлар ала жаздай бірқалыпты тұрған бағаның өсуі заңды құбылыс дегенімен түйткілдің астарын ұсыныстың аздығымен түсіндіреді.

Дина Қилыбасова, риэлтор:

- Сұраныс көбейе бастады, бірақ қазіргі кезде біздің нарықта ұсыныс жоқ. Енді оқу жылы басталғаннан кейін студенттер көп келіп жатыр. Соған сұраныс көбейгеннен кейін үйдің иелері нарықта болған жағдайды көріп отырған соң бағасын күрт көтеріп жатыр.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, жаңа үйлердің көбеюі де жалға алу ақысының қымбаттауына әсерін тигізеді. Өйткені, ескі пәтеріне клиент іздейтіндер соларды бағдар ететін көрінеді. Сол себепті жылына 30-40 пайызға баға өсіп отыр деген мамандардың өзі мәселені мемлекеттік деңгейде реттейтін кез келді дейді.  

Риэлторлардың сөзінше, жыл сайын белгілі бір межеге дейін өсетін жалға беру ақысы ешқашан төмендемейді. Демек, пәтер іздеп сандалған студенттер мен қараша халыққа осы жағдайға көндіккеннен басқа амал жоқ. Ал агенттік өкілдері осындай қысыл-таяң шақта алаяқтарға алданып қалмауды ескертеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде