Дәстүрлі оқу форматына дайындық
Жаңа оқу жылында 3 млн 600 мың бала мектепке барады деп күтілуде. Оның 380 мыңнан астамы алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Қазір барлық білім ошағында оқу маусымына дайындық қыза түсті. Апта соңына дейін мектептер санитарлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, сақтық шараларын күшейтуі тиіс. Биыл оқушылар бастауыш, орта және жоғарғы сынып деп үшке бөлініп білім алады. Әр топтың кіреберісі, үзілісі мен асханаға бару уақыты да әр түрлі болады.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
24.08.2021
Қауіпті кесел кеулеп тұрған шақта еліміздің барлық мектептерінде сақтық шаралары күшейтілді. Биыл білім ошағына баратын ұл-қыздар үш топқа бөлінеді. Бастауыш, орта және жоғарғы сынып оқушыларының кіреберісі мен үзіліс уақыты да әр түрлі болады. Мәселен, дәл осы жермен тек қана бастауыш сыныбының оқушылары кіреді. Олар алдымен дезинфекциялық дәлізден өтіп, дене қызуын өлшейді. Содан кейін қолын аптисептикпен шайып сыныпқа бағыт алады. Әр сыныптың ішіне санитарлық құрал-жабдықтар да қойылу керек. Яғни, санитайзер, сабын мен су балалардың көз алдында әрдайым тұруы тиіс. Сондай-ақ, кварц шамы үлкен үзіліс пен бірінші ауысым аяқталған соң қосылып, сынып күн сайын залалсыздандырылады.
Айымгүл Дәуірбекқызы, №19 орта мектептің директоры:
- Жаңа оқу жылын біз онлайн және оффлайн форматта бастағалы жатырмыз. Ата-аналардың өтініші негізінде онлайн форматқа құжат жинап жатырмыз.Біз мектепті үш блокқа бөлдік. Бұларда бөлек сабақ кестесі және қоңырау кестесі. Бастауыш сынып бізде екінші сабақтан кейін тамақтанады, орта буын үшінші сабақтан кейін, жоғарғы буын төртінші сабақтан кейін тамақтанады. Біз асханада 30 пайыз толымдылықпен кезекшілік ұйымдастырып отырмыз.
Сондай-ақ, барлық оқу орнында «Ashyq» жүйесі енгізілген. Мектеп ұжымы алдымен мәртебесін айқындап, сосын жұмысқа кіріседі. Бұл талап ата-аналарға да қатысты. Білім министрлігінің мәліметінше, республика бойынша ұстаздардың 96 пайызы вирусқа қарсы вакцина салдырған. Айта кетейік, егер бір оқушы індет жұқтырса оның сыныбы түгел онлайнға жіберіледі. Ал мұғалімдер мен оқушылардың 20 пайызынан ауру анықталса мектеп толық карантинге жабылады.
Жомарт Қарамбаев, БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Пәндер бір сынып, бір кабинет жүйесі бойынша өтеді. Сыныптағы оқушылар саны 25-тен аспауы керек. Дене шынықтыру пәні таза ауада өтеді. Біздің мақсат оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы жылы ауырып жатқан және науқастармен байланыста болған балаларға онлайн оқуға мүмкіндік беріледі. Мектеп формасын киген абзал. Егер ата-ананың жағдайы болмаса классикалық үлгідегі киім киюге рұқсат етіледі. Оның өзі асты қара немесе көк шалбар және белдемше, үсті ақ түсті жейде болуы міндетті.
Жаңа оқу жылында мектепке 3 млн 600 мың бала барады деп күтілуде. Оның 360 мыңнан астамы бірінші сыныптың партасына отырады. Ел бойынша сегіз мыңға жуық мектеп дәстүрлі форматта жұмысын жалғастыруға дайын. Биыл ата-аналардың өтінішімен онлайн оқитын оқушылар да бар. Бірақ олардың нақты саны әзірге белгісіз. Пандемияда телефон мен ноутбукке телміріп, қашықтан оқыған балалар алғашқы қоңырауды тағатсыздана күтіп отырғаны анық. Алайда эпидахуалға байланысты білім күнін дүбірлетіп өткізуге тыйым салынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!