Зауыт басшысына алданған
Жамбыл облысында 65 отбасы зауыт басшысына алдандық деп наразылық білдірді. Айтуларынша, 8 ай бұрын кәсіпорынға ақшасын беріп қойғанымен, әлі күнге күйдірілген кірпішті алмапты. Жеме-жемге келгенде өндіріс орны жабылып тынған. Енді бұрқара не құрылысқа қажетті жабдыққа, не ақшаға жете алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр. Салы суға кеткен олар амалсыз билік өкілдері мен құзырлы орынан көмек сұрауға мәжбүр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
25.08.2021
Сейіт Әбдірайысовтың зәулім үй соғамын деген арманы әзірге аяқсыз қалып тұр. Баспанасының іргетасын қалап қойған ол енді қабырғасын көтеруі тиіс еді. Алдын ала қамданған Тараз қаласының тұрғыны былтыр қыста Алғабас зауытына 35 мың күйдірілген кірпішке тапсырыс беріп, 1 жарым млн-нан аса ақшасын да төлеген. Алайда әлі күнде құрылыс материалын ала алмай жүр.
- Осы мамырдың аяғында фундамент көтеріп, үш ай болды осымен кірпіш күткеніме. Әлі отырмыз күтіп.
Күтіп жүрген жалғыз бұл емес. Қала, аудандарды есептегенде жалпы саны 65 адам не кірпішті, не ақшасын қайтара алмай жүр. Наразы топтың сөзінше, өндіріс орны оларға 90 млн. теңге берешек. Ақшасын даулаған жұрттың зауытпен жасасқан келісім-шарты бар. Бірақ, сонда да кәсіпорын басшысы оларға берешегін беруге құлықсыз екен.
Руслан Келгенбаев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде алаяқтық қой. Серік деген негізі акционер, Досбол деген жолдасы бар. Екеуі сотқа бересіңдер ме, отқа бересіңдер ме, ештеңе ала алмайсыңдар дейді. +Бізге ақша берген жоқсыңдар дейді. Келісімге отырған Бақберген деген кісі, содан алыңдар дейді. Ол кісі қашып отқан жоқ, ол Серіктің інісіне ақшаны бердім дейді.
Қазір бұл есімі аталған азаматтардың бірде-біреуі жоқ. Тұрғындардың сөзінше, олар ұялы телефондарын сөндіріп ұшты-күйлі жоғалған. Ал, көпті тақырға отырғызған зауттың қазіргі сыйқы мынау. Жұрттың айтуынша, кәсіпорын кірпіш бемек түгілі жұмысы да тоқтап қалған.
- Бәрі бос, мына жерте дек қана 2-3 мың кірпіш қалды деп тұр.
Өндіріс орнының басшыларын жер-көктен іздеп таппаған тұрғындар бүгін облыстық прокуратурадан көмек сұрап келді. Құзырлы орын жұрттың арызын қабылдап, бұл бақылауға алатындарын мәлім етті. Бұдан кейін тұрғындар облыс әкімінен жәрдем сұрауға асықты. Алайда, Бердібек Сапарбаевпен жүздесудің сәті түспеді.
- Шықпай ма өзі?
- Мен шығып тұрмын ғой облыс әкімінің орынбасары. Не үшін шығуы керек, мен шығып тұрмын ғой. Сұрақтарыңыздың бәрін жазып аламыз.
Әзірге шенділерден де қайыр жоқ. Ал, тұрғындардың шағымынан кейін тергеу амалдары басталыпты.
Болат Нұрсейітов, Тараз қалалық ПБ бөлім бастығы:
- Ағымдағы жылдың 25 тамызында Тараз қаласы полиция басқармасының 1-ші полиция полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне Тараз қаласының 42 жастағы тұрғынынан құрылыс компанияларының бірінің басшысына қатысты алаяқтық дерегі бойынша арыз келіп түсті. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл даудың немен аяқталары әзірге беймәлім. Ал құрылысы тоқтап қалған бұқараның осы тергеу ісін күтуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!