Жарылыстан үш жұмысшы зардап шеккен
Талдықорғандағы жарылыстан зардап шеккен үш жұмысшының біреуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оның денесін тұтас күйік шалған. Қалған екі азаматтың жағдайы орташа дейді дәрігерлер. Айта кетейік, кеше түнде қаладағы көлік дөңгелегін өңдеу цехында жойқын жарылыс соңы өртке ұласып, тұрғындардың зәресін ұшырған болатын.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.08.2021
Асқар Садықов, Талдықорған қаласының көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары:
- Бүгін сағат 4-ке таман үш науқас күйік жарақатымен келіп түсті. Бір науқастың жағдайы өте ауыр. Күйген пайызы 93-95. Жансақтау бөлімінде емін алып жатыр. Басқа екі науқастың жалпы жағдайы ауыр. Бүгін жиналыс өткізгеннен кейін осы науқастар бөлімшеге ауыстырылды.
Оқыс оқиға түнгі 3-тер шамасында болған. Нақтырақ айтсақ, көлік дөңгелегін өңдеу цехындағы сыйымдылығы 5 текше метр резервуар кенет жарылып, талдықорғандықтардың түн тыныштығын бұзған. Көп ұзамай кәсіпорын ішіндегі ескі көліктер отқа ораныпты. Лапылдап жанған қызыл жалынмен өрт сөндірушілер екі сағат арпалысты. Қазір мамандар жарылыстың себеп-салдарын анықтап жатыр. Болжам бойынша, жарылысқа өндірістің техникалық талаптарының орындалмауы себеп болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!