Алматы коронавирус жұқтыру бойынша бірінші орында
Карантин бір аптаға кешірек жеңілдейтін Алматы коронавирус жұқтыру бойынша әлі бірінші орында. Қазір оңтүстік астанаға ағылып жатқан студенттер қазір жаппай вакцина қабылдауда. Екпе алмағандар жатақханаға жатпайды, офлайн оқуға жіберілмейді деген әңгіме желдей ескенмен, әзірге тоқ етерін ешкім айтпады. Жалпы, ел бойынша соңғы бір тәуліктің өзінде 6040 азаматтан коронавирус белгісі анықталған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
25.08.2021
Екпені еркімен салдырған студент Еркен Нұрым онлайннан офлайн оқуға көшетініне ерекше қуанып жүр. Группасындағы 20 студенттің 18-і вакцина салдырып үлгерген. Айтуынша, қатарластары саулық сақтықта екенін білгендіктен, екпені қолдайды.
Нұрым Еркен, 3 курс студенті:
- Жалпы мен вакцинацияны өттім. Себебі, мен жас болғандықтан өз денсаулығыма қатты қорықпаймын. Қасымда жүрген ата-анамның, жақындарымның денсаулығын ойлап, вакцинаның толық курсын өттім.
Дегенмен, білім ордаларының қазір басы қатқан. Себебі, вакцинасыз студенттерді оқуға кіргізбеңдер, жатақханаға жатқызбаңдар деген нақты қаулы жоқ. Ал, оқу жылы болса келесі апта басталады. Университеттер екпе салдырамын деген студенттерін жақын жердегі емханаларға жолдап жатыр.
Серік Махмұтов, Ғ.Дәукеев атындағы АЭЖБУ проректоры:
- Келіп вакцинадан өтем деген, мысалы абитуренттеріміз болса, біздің өзіміздің студенттеріміз болса оқытушы құрам болса сол жаққа жібереміз. 0651 Студенттермен онлайн жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олармен вакцинаның не үшін қажеттігін соны түсіндіріп, біз өз тарапымыздан жұмыс өтуде ол жағынан.
Университет ғимаратынан бөлек жатақханалардың өзіне ендігі тек «Ашық» қосымшасымен табалдырықтан аттауға рұқсат. Соңғы мәлімет бойынша, Алматының қоғамдық иммунитеті 41 пайызға жеткен. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сауда орталықтары, қоғамдық көліктер вирус жұғатын негізгі ошақтардың санатында.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
- Осы жылдың 25 ші маусымынан бастап, қазіргі уақытқа дейін үнділік ковид-19 нұсқасына байланысты індеттің төртінші толқыны жалғасуда. Эпидемияның, осы толқынның даму шыңы ағымдағы жылы 12 тамызда басталды. Бұл ретте эпидемияның бір ретте дамуы тәулігіне шамамен 1,5-1,6 мың жағдай тіркелген кезде 29 шілдеден бастап қазіргі уақытқа дейін жалғасуда.
Ереже бәріне ортақ болғанмен, шектеуге шекесінен қарайтындар ауру көрсеткішінің артуына себеп. Мәселен, Маңғыстау облысында эпидахуал шатқаяқтап тұр. Бір күннің өзінде 16 адам көрінбейтін кеселдің құрбаны болды. Облыстың бас санитар дәрігері бұған «Ашықты» пысқырмайтын нысандардың көптігі түрткі екенін алға тартады. Соңғы қаулы бойынша «Ашық» қосымшасы жоқ тамақтану орындары жұмыс күндері тек беске дейін, ал демалыста мүлде жабық тұруы шарт болғанмен, оған бағынып жатқандары аз. Мониторингтік топтар бүгінге дейін 15 мыңнан аса нысанға рейд жүргізіп, 25 млн теңгеден аса айыппұл салған. Тексеру барысында ауырғанына қарамай заң бұзған азаматтар анықталған.
Ғазиз Надуев, Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Маңғыстау облысында «Ашық» жобасына қатысатындардың саны 2387-ге жетті. Оның ішінде 2040 әкімдіктің сайтында жарияланған. 347 нысан тестовый режимде жұмыс жасауда. + «Ашық» жобасына қатысатын обьектілерге анықталған сары, қызыл мәртебесі бар оқшаулануға жататын адам саны 1975 құрап отыр. Оның ішінде 1440 қызыл мәртебесі болса, 536-сы сары мәртебесі барлар осындай қоғамдық орындарға кірмекші болған. Қызыл мәртебелі 23 жеке тұлғаға 1 млн алты мың теңге айыппұл салынды.
Қазір коронавирустың төртінші толқынын бастан өткеріп жатырмыз. Былтырғымен салыстырғанда жағдай әлдеқайда ауыр. Өткен тәуліктің өзінде 131 адам осы індеттің кесірінен көз жұмды. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы ауру асқынып тұрған аймақтардың көшін бастап тұр. Жалпы пандемия елге келгелі 754 мыңнан астам азаматымыз вирусқа шалдықса, оның 8643-і бақилық болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!