Оқушы көп, орын аз
Оқушының көптігінен не пайда, жалғыз мектебің тар болса! Алматы облысында осылай дабыл қаққан ата-аналар Кемертоған ауылындағы мың 200 орындық мектепке биыл 4 мыңға жуық оқушы баратындығына наразы. Тіпті, мектептің бірінші сыныбында бақандай 22 сынып бар. Сондықтан сыныптар тізбегінің қай әріппен шектелгенінен директордың өзі шатасып жүр екен.
Автор: Мақсат Мәлік
26.08.2021
Мектеп басшысы заңға сәйкес келген баладан бас тарта алмайды. Ал үш ауысымға ауысқан оқу кешкі 8 жарымда аяқталатындықтан, ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды.
Кемертоған ауылындағы жалғыз мектептің сән-салтанаты келіскенімен ата-аналардың көңілі алай-дүлей. Онлайн оқу кезінде арқаны кеңге салған ағайын жаңа оқу маусымында баламыздың білімі мен өміріне алаңдаймыз дейді. Тұрғындардың айтуынша, шектеулі орынға есептелген мектепте биыл тәлім алатын бала тізімі 4 мыңға жуықтапты.
Асылғаным Әбдіраманова:
- 1200 орынға мектеп салынған, қазір мектепке 3700 бала қабылдады. Жүктеме үш есе болды. Ата-аналар енді ойланып қалдық. Қандай оқу болады, қандай білім алады.
Мөлдір Рыскелдиева:
- Менің балам үшінші сыныпта оқиды. Ол сыныпта былтыр отыздан астам бала болды. «К» сыныбында оқиды. Бала сан көп болғаннан кейін арақашықтық сақтау деген болмайды. Өзіңіз түсініп отырсыз, бір сыныпта отызға жуық бала болғаннан кейін қайдағы арақашықтық. Жанындағы орындық бос тұру керек қой. Бос тұрмайды бұл жерде.
Оқушылардың көптігінен білім ордасындағы сабақ кестесі үш ауысымға көшкен. Соңғы сабақ кешкі 8 жарымда аяқталады деген ата-аналар баламыз бір бәлеге ұрынып қала ма деп қауіптенеді. Ал мектептегі келеңсіз жағдайға біржағынан іргедегі «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің әсері бар дейді олар. Себебі, ол жақтағы мектеп құрылысы бітпегендіктен балалардың бәрі осында қатынап оқиды. Алайда, оның өзі мәселені толық шешпейді деген ашулы жұрт Кемертоғанға тағы бір мектеп салуды талап етеді.
Сәби Жолмаханбетов:
- МТФ-дан мектебіміз 7 шақырым. Кешке балалар сегізде қайтатыфн болса автобус жоқ, басқа жоқ. Майда кластарды тасымайды. Біздің сұранысымыз өзіміздің алдымызға мектеп салса.
Ал мектеп басшысы оқушылардың 3 есе артық екенін жасырмайды. Директордың сөзінше, бірінші сыныптың өзінде 22 сынып бар. Бір қызығы, сыныптар тізімінің қай әріппен шектелгенінен директор да шатасып жүр.
- Соңғы Р, Р иа. Соған дейін кеттік қой.
Алайда, заңға сәйкес баласын ертіп әкелген ата-ананы кері қайтара алмаймын деген жетекші сақтық шарасын реттедік, тасымалды жолға қойдық дейді. Ал ата-аналардың сабақ кестесіне қатысты уәжін терістеген директор қайтадан оңтайлы кесте жасадық деп құтылды.
Раушан Мәуленова, Кемертоған орта мектебінің директоры:
- Үш ауысымды мектептер 70-те 30 штаттық форматта оқисыңдар деген ұсыныс және міндеттер қойылып отыр. Ол дегеніміз не? 70-те 30 форматта оқу дегеніміз, 70 пайызда оқушылар мектепте келіп оқиды негізгі пәндерін. Ал 30 пайызда негізгі емес пәндердің бәрі онлайн түрде жүргізіледі. Сол себепті қазір сабақ естесін қарастырып жатырмыз. Үш ауысымымыз бұйыртса 16:15-те аяқталады.
Ал тұрғындарды толғантқан мәселемен жете таныс жергілікті шенеуніктер әзірге қолдан келер қайран жоқ дейді. Бірақ, келесі оқу мауысымында түйткілді тарқатауға уәде берді.
Берік Қайнарбаев, Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Осыған байланысты ЖК Асыл арманның артқы жағынан мектеп салынып жатыр. Бұйырса келер жылы бірінші қыркүйекте бітеді. Одан басқа Іргелі ауылында 600 орындық қосымша мектеп салынып жатыр.
Десе де халық саны жыл санап артқан Кемертоғанда тағы бір мектеп салына ма деген көпшіліктің сауалы сол күйі жауапсыз қалды. Енді баласын сабаққа жіберуге қорыққан ауыл жұрты облыс әкімі Амандық Баталовтан көмек сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!