Тараздың тынышын алған жарылыс хронологиясы
Жарылыстан кейін абдыраған жұртшылық жан-жаққа қашқан. Қоймаға жақын орналасқан елдімекендерден 1200 адам Тараздағы эвакуациялық орталыққа шұғыл көшірілді.
Автор: Асқарбек Қазанғап, Руслан Әбдіхалық
27.08.2021
Бірнеше сағат бойы жалғасқан жойқын жарылыстардан жақын жердегі үй мен дүкендердің терезесі сынып төбесі опырылған. Жол бойында кетіп бара жатқан көліктердің өзі соққы сезінген.
Жойқын думпу. Аспанға шапшыған қызыл жалын. Сол сәтте не болғанын аңдап үлгермеген адамдар, тек бірер секундтан кейін ойбайға басты. Кеше сағат 18:45-те әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы отқа оранды. Іле-шала бірінің артынан бірі жалғасқан жарылыс сол маңдағы ауыл тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Тіпті снаряд ұшқыны ғимараттарда құдды бір соғыстан кейінгі күйге түсіргендей.
Голливуд киносын емес, Арыстағы жарылысты айна-қатесіз қайталаған төтенше жағдай тұрғындардың зәресін ұшырды. Оқиға куәгерлері түсірген видеоларға қарағанда терезелер сынып, дүкен мен үйлер ішінің астан-кестеңі шыққан. Жанын шүберекке түйіп шырылдағандар үйін тастап Таразға жөңкіле қашты. Қайнар ауылы осы әскери бөлімнен бар-жоғы бір шақырымға жетпейтін қашықта орналасқан. Бірінші кезекте 250 тұрғыны бар елдімекен халқы эвакуацияланды. Байзақ ауданындағы басқа ауылдардың үрейленген жұртының бір бөлігі Жуалы мен Рысқұлов ауданына қарай бет алды.
Әлеуметтік желіде лек-легімен түрлі видеолар жарияланып жатты. Қас қарая түнгі аспан қанға боялғандай қызарды. Ара кідік аспанға атылған снарядтар ұшқыны анық көрініп тұрды. Жарылыс аумағындағы Үшбұлақ, Қайнар, Базарбай, Жібек жолы ауылы тұғындары түн әлетіне дейін қауіпсіз жерге көшіріліп үлгерді. Ресми ақпарат бойынша, кеше жалпы саны мың жарым адам эвокуацияланған. Олардың бәрі Тараздағы мектептерге жайғастырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!