Тараздағы жарылыс: Қаза тапқандар саны өсіп жатыр
Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыстан қаза тапқандар саны бес адамға жетті. Аз уақыт бұрын тағы бір жауынгердің мәйіті өрт болған аумақтан табылған. Марқұм сол әскери бөлімде өрт сөндіру командасының басшысы болған екен.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.08.2021
Әлі бірнеше адам із-түзсіз жоғалғандар санатында. Оларды іздеу жалғасып жатыр. Жапа шеккендер саны да 90-ға таяу.
Соңғы жеткен ақпарат көңіл көншітпейді. Тағы бір адам жарылыстың құрбаны болғаны айтылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрілігі мәлімдеді. Осылайша оқыс жағдайдан қаза тапқандар саны бес адамға жетті.
Денесі табылған азамат сол әскери бөлімінде өрт сөндіру командасының бастығы болған. Жасы 43-те. Ол тілсіз жаумен алысып жүріп қаза тапса керек.
Ал қару-жарақ қоймасында 500 тонна тротилдің сақталғаны белгілі болды. Жарылыстың бірнеше сағат бойы тоқтамауы да содан болса керек. Көкке атылған жарылғыш заттардың қалдықтары екі шақырым жерге дейін шашыраған.
Оқыс жағдайдан 88 адам зардап шеккен. Көбінің жарақаты жеңіл болған соң, олар үйіне жіберілді. Аурухана керуеттерінде әлі 28 науқас жатыр. Алтауының жағдайы ауыр.
Олардың туыстары емдеу мекемесінің алдын ертелі кеш торуылдап жүр. Бәрі жақындарының жағдайын білгісі келеді.
Бірнеше өрт сөндіруішінің із-түзсіз кеткені белгілі. Ешбірінен әзірге хабар жоқ.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:
- Қазір бірнеше адаммен байланыс жоқ. Олар тірі деп үміттенеміз. Іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қорғаныс министрі өрттің қасақана қойылуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Оны енді тергеушілер анықтайды. Ал Нұрлан Ермекбаевт қызметтен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ министрдің арызын президент қабылдай ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!