Алматыда "Алма Сити" тұрғындары шу шығарды
Тағы бір жаңа салынған үйдің жыры басталды. Алматыда "Алма Сити" тұрғындары 65 миллионға жуық теңгенің қайда кеткенін сұрап шу шығарды. Айтуларынша, құрылыс компаниясы 1300-ге жуық пәтерлі үйді салмай жатып әр адамнан 50 мың теңгеден жинап алған. «Кейін коммуналдық есепке қосамыз» деген олар енді төлем төлейтін кезде төбе көрсетпепті. Бұдан бөлек, ұзақ күтіп қол жеткізген баспаналарының жыл өтпей жатып сапасы сын көтермейтінін айтып ашулы.
Автор: Салтанат Шырынхан
27.08.2021
Бір ай бұрын ғана жаңа үйге жайғасқан тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Тіпті алғашқы коммуналдық төлемдері келгенде төбе шашы тік тұрған. Өйткені бір жыл бұрын мердігер компания әрқайсысынан жинап алған 50 мың теңгені соған жұмсайтынын айтқан. Алайда қысқарғаны қағазда көрсетілмепті.
Фатима Ақылова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Сол 50 мыңды «Қазақ строй» бізден алып алды. Біз бердік. Алдын ала. Ол кезде мына үйдің қазандығы да жоқ еді. Ақша бергенімізге бір жарым жыл болды. Ақшаны бізге қайтарсын. Немесе пәтерақы төлеммен келген шотымызды жапсын.
Жалпы, тұрғындардың мазасын қашырған мәселе тек бұл емес. Небәрі екі айдың ішінде түрлі келеңсіз жағдайға тап болған. Күн ара жарықсыз отыратын олар тіпті жеделсатының істемеуінен тоғызыншы қабатқа жаяу шығады екен. Бұдан бөлек, құрылыстың да сапасы сын көтермейді. Яғни подьездердің қабырғалары қақырап құлап жатыр.
Әсел Қоштаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жаңа үй. Ешқандай проблема негізі болмауы керек. Бізге берілген подьезде сынып, қирап жатыр. Сонда қандай материалдан соғылған мына үйлер? Сонда мына үйлер қанша уақытқа дейін тұрады деп ойлайсыз. Гипсокартонмен қапталған подьездің іші. Сонда «карточный» үй болып тұр ма?
Жаңа тұрғын үйдің ішінде ғана емес, айналасында да жыры көп дейді жұртшылық. Бастапқыда балалар алаңқайы салынады деген орындар қазір көлік тұрағына айналыпты. Қарашаның арасынан табылған құрылыс компаниясындағылар өзіне шаң жуытпады.
Бауыржан Қасымов, құрылыс компаниясының ресми өкілі:
- Жоқ, ол дұрыс айтып тұрған жоқ. Ол 50 мың теңгенің ішінен жылу ақшасы алынған. Шығын үйді ұстауға жұмсалған. Оны ПИК-нен сұраса түсіндіріп айтады гой. Ол жерде қазір тек электр энергиясы мен судікі ғана қалып тұр. Келісімшартын ПИК-де қайта рәсімдеген соң қалған ақшасын жібереміз.
Осылайша бүгін ғана әрекетке көшкен мердігер компания құжаттың барлығы бар екенін айтады. Сондай-ақ әкімдікке де хат жіберіп, 50 мыңның есебі беріледі дейді. Ал болған жағдайды кеше ғана естідік деген шенеуніктер жарықтың болмау себебін жан-жақта жүргізіліп жатқан құрылыстан деп отыр.
Өркен Қодаров, Наурызбай ауданы әкімдігінің коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы:
- Әр пәтер иесі төлеген уақытта қолдарына түбіртегі де берілген. Жеке келісімшартқа сәйкес. Уақытын келісе отырып, тұрғындармен қолайлы уақытқа демалыс күндері болса да, біз бірінші толық көзімізді жеткізіп, сосын кестеге құрамыз да, қалпына келтіруді алдағы уақытқа сондай жұмыс қойылды.
Атқамінерлер халықтың бастапқыда төлеген ақшасы өздеріне коммуналдық төлем арқылы қайтарылады деп уәде беруде. Ал сапасы сын көтермейтін құрылыс жұмыстарын қайта қалпына келтіру қиынға түсейін деп тұр. Өйткені мердігер компания жақын маңнан тағы да көп қабатты үйлер салуын жалғастырып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!