Тараздағы жарылыс: Өрт неден тұтанды?
Жамбыл облысындағы осы жарылыстан қаза тапқандардың саны 9 адамға жетті. Қазір денесін әртүрлі деңгейде күйік шалған 37 адам ауруханада жатыр. Із-түссіз жоғалғандар да бар. Олардың саны әзірге белгісіз.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.08.2021
Марқұм болғандардың саны әлі де өсуі мүмкін. Төтенше оқиғаның себеп-салдарын енді арнайы құрылған комиссия анықтауы тиіс.
Апат айтып келмейді. Тараз маңында алапат жарылыс соның тағы бір дәлелі. Айдын күннің аманында тоғыз атпалдай азамат қызметте жүріп қаза тапты. Олардың қатарында төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері мен әскери прокурор да бар. Бұл сан, өкінішке қарай, әлі де өсе түсуі мүмкін.
Жарылыстың кесірінен түрлі жарақат алған 37 адам қазір ауруханада жатыр. Оның екеуі ауыр халде.
От пен судың ортасына кіргендердің арасында із-түзсіз жоғалып кеткендері де бар. Қызыл жалынды ауыздықтауға ат салысқан құтқарушылар қазір іздестіріліп жатыр. Тілсіз жау неден тұтанды деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұр. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өртке қатысты бірнеше болжамын айтты.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:
- Жарылыс себебін жедел тергеу тобы анықтап жатыр. Алдын ала нұсқа бойынша, қауіпсіздік талаптары да бұзылған болуы мүмкін, химиялық реакция болып, өзі жануы да мүмкін. Оқ-дәрілер сақталған қоймадағы өрт қасақана қойылған болуы мүмкін деген де нұсқа жоққа шығарылмайды.
Нұрлан Ермекбаев отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын да айтты. Дегенмен шешімді Жоғарғы бас қолбасшы қабылдайды дейді министр. Ал жарылыс болған әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрілер қоймасы 1972 жылдан бері бар екен. Арыс қаласында жарылмай қалған снарядтардың бір бөлігі осы қоймаға әкелінген көрінеді. Сондай-ақ қоймада 500 тонна тротилдің сақталғаны белгілі болды.
Руслан Шпекбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Инженерлік оқ-дәрілер бұл әртүрлі объектілерді бұзуға арналған құрылғылар. Оларды жаудың техникасы мен адам күшін жою үшін де қолдануға болады. Бұлар зарядтар, фугастар жеке құрамға қарсы және танкке қарсы миналар, тротил және басқа да жарылғыш заттар.
Қалай десек те, оқ-дәрілердің жойқын жарылысы бейқам отырған қарашаның үрейін ұшырды. Адамдар жанұшыра қашып жатқанда пысықайлар бір ойын-сауық кешенін тонап кетіпті. Қазір арнайы құрылған комиссия апаттың себеп-салдарын анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!