Тоқаев: «Бүкіл қойма өртенсе, жағдай бұдан да сорақы болар ма еді?!»
Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық комиссия құрылатын болды. Оған премьер-министр орынбасары Роман Скляр басшылық етеді.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.08.2021
Жамбылдағы жарылысқа қатысты Ақордада шұғыл жиын өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол комиссия мен ішкі істер министрлігі, бас прокуратура және Үкімет басшысына бірқатар тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылсын. Оған премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр басшылық етсін. Роман Васильевич, сізге қазір жиналыс аяқталған соң Жамбыл өңіріне шұғыл баруды тапсырамын. Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз.
Оқиға салдарын жою үшін бюджеттен қаражат керектігі айтпаса да түсінікті. Тоқаевтың айтуынша, қаза болған азаматтардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, жарақат алғандарға барлық қажетті көмек көрсетілмек. Ал бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтап, кінәлілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуі керек.
Иесіз қалған үй-жайға ұры-қары түспес үшін ішкі істер органдары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұндай жағдайдың болып тұрғаны бірінші рет емес, ол баршаға мәлім.
Екі жыл бұрынғы әлем назарын аударған Арыстағы оқиғаны ешкім естен шығара қойған жоқ. Тоқаевтың айтуынша, осы оқиғалар қару-жарақ сақтау мәселесінде түйткілдер бар екенін көрсетеді. Оны шешу туралы тапсырма берілгенімен, шаруа тиісті деңгейде орындалмағанын осы оқиға көрсетіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сол қоймада жарылыс болуы мүмкін екенін болжай алмадық. Қайта ол жерде әскери қару сақталмағаны абырой болып тұр. Маған берген ақпарат бойынша, әскери қару ол қоймадан әкетілген. Дегенмен үлкен көлемдегі тротил да адам өміріне өте қауіпті. Жойқын толқын күші бар. Егер бүкіл қойма өртенсе, жағдай бұдан да сорақы болар ма еді?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!