Президент Конституция күнімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады. Демократия қағидалары мен заң үстемдігін ұстанатын Ата заңымыз ұзақмерзімді даму бағытымызды айқындап келеді деді президент.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.08.2021
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Құрметті отандастар! Сіздерді Конституция күнімен құттықтаймын! Ата заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін!
Айта кетейік, ел тарихында Конституция 5 рет қабылданған. Алғашқысы 1926 жылы 18-ақпанда. Оған сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы құрамындағы автономиялық республика болды. Екіншісі, 1937 жылдың 26-наурызындағы Қазақ ССР Конституциясы 11 бөлім және 124 баптан құралған. Үшіншісі, 1978 жылдың 20-сәуірінде республика Жоғарғы Кеңесі кезектен тыс VII сессияда бекіткен құжат. Ал тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Кіріспе, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұратын Ата заңды ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясы бекітті. Оған парламенттік республика моделі алынған еді. Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылдың 30-тамызында республикалық референдумда қабылданған. Ол 9 бөлім, 98 баптан тұратын заңда Қазақстан парламенттіктен президенттік басқаруға өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!