Мейрамхана ауласындағы бос снарядтардың жарылыс қаупі жоқ
Қорғаныс министрлігі мейрамхана ауласында үйіліп жатқан іші бос снаряд темірлеріне қатысты түсініктеме берді. Айтуларынша, министрлік снарядтардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алып, оны жоя отырып, өндірісте кәдеге жарату процесін жүргізіп келеді. Бұл да сондай іші бос оқсауыттар екен.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.08.2021
Министрліктің хабарлауынша, видеода көрсетілген снарядтардың оқсауыты оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олардың қоршаған ортаға ешқандай қаупі жоқ дейді құзырлы органдағылар. Тіпті бұл металл 30-шы наурызда Арыс қаласында сатып алынған болып шықты. Айта кетейік, Арыс қаласындағы соңғы жарылыс 2019 жылы 24 маусымда болған еді. Содан кейін Қорғаныс министрлігі ондағы оқ-дәрілерді жоюға кіріскен. Жамбыл облысындағы кәсіпкердің сол Арыстан сатып алған іші бос снаряд темірлерінің жалпы көлемі мың жарым тонна. Оның біразын сатып та үлгеріпті.
Ғани Нүсіпов, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Өндірістік база «Бақтияр-Group» ЖШС-не тиесілі екені тексеру барысында анықталды. Оның аумағында қара металл сынықтары (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған. 26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмағанын айта кеткен жөн.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!