Жарылыстан кейін далада түнеуге мәжбүр
Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккен Қайнар аулының тұрғындары дау шығарып жатыр. Олар дүмпуден бүлінген үйлерді қалпына келтірмей, жаңасын салып беруді талап етуде. Өйткені жөнделген баспаналар қайта қирап қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Төрт күннен бері ашық аспан астында жатқан жұрттың қазіргі күйі мәз емес. Өйткені әбден жүрегі шайылғандар далада түнеуге мәжбүрміз дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
30.08.2021
КТК тілшілері ең алғашқылардың бірі болып Қайнар ауылына келдік. Мына жерде блок бекеттер орналасқан. Ол жақтан ешкімді өткізбей жатыр. Ал бұл ауыл жарылыс болған әскери бөлімнен небәрі 400-500 мтер қашықта орналасқан. Мұнда жалпы саны 19 баспана бар. Тұрғындардың сөзінше оның барлығы қирап қалыпты, яғни тұруға жарамсыз дейді. Ал, билік өкілдері осы қирандыларды қалпына келтіріп береміз деп айтса керек. Бірақ бұқара үйлер тұруға жарамсыз дейді. Сондықтан жаңасын салып берсін деп талап қояды.
Тұрғындардың көбі үйлеріне кіре алмай көше кезіп жүр. Өйткені баспананың төбесі опырылып түсе ме деп қорқады. Тіпті далада түнеп жатқандары бар.
- Осы жерде жатамыз баламыз екеуіміз. Тұрамыз төсектерді үйіге кіргізіп қоямыз, кешке қайта жатамыз. Қайда барамыз басқа. Үш күннне бері жатырмыз.
Раушан Мамытбековаәскери бөлімде еден жуушы болып жұмыс істейтін жалғыз басты ана. Ол оқыс оқиға күні үйінде болған екен. Алғашқы дүмпуден ақ баспанасы қирап қала жаздапты. Раушан шұғыл түрде 19 жастағы баласын ертіп, тез арада далаға қашып шыққан. 41 жастағы әйелдің үйінің сиқы мынау. Шытыры, есік-терезесі тас-талқан болып, дүние-мүлкі жарамсыз күйде.
Раушан Мамытбекова, Қайнар ауылының тұрғыны
- Мынаны аламыз да қайта жаба саламыз дейді. Мынау бола ма? Мұны кеше снос деп жазды ғой. Документті тексергенде солай деді. Енді төбесін жауып бере саламыз дейді. Маған олай керек емес.
Тек қана бұл кісі емес тұрғындардың көбі су жаңа үй салып беруді сұрап отыр. Бірақ жұрттың бұл талабы ескерілмейтін тәрізді. Өйткені бүлінген баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары басталған.
Дәнегүл Сүйіндікова, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Үй тұруға жарамсыз бәрі түсіп жатыр. Жаны да, төбесі де. Жөндейміз дейді.
Ауыл тұрғындарының билікке деген өкпесі бұл ғана емес.Жұрттың сөзінше, жарылыс болғанда бізге ескертпеді деп отыр. Сондықтан гүрсілдеген дауысты оқу-жаттығу ма деп түсінеген кейбірі бейқам жүрген. Тек жойқын дүмпу болғанда ғана бәрі жапа-тармағай қашқан. Дәурен Ділімбетов бес баласын үйден әзер алып шыққанын айтады.
Дәурен Ділімбетов, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Қалаға қарай қаштық. Ешқайсымызды апарған жоқ. 18 үй жоқ адамдар сияқты болып қалдық. Үш күннен кейін ауылдың әкімі келіп, тірісіздер ме дейді.
Ал, оқыс жағдайдан зардап шеккендер 93 адам болса, 28 науқас әлі ауруханада жатыр.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Қазіргі таңда орталық ауруханада 28 науқас жатыр. 4-нің жағдай орта күрделі. Барлық медициналық көмек көрсетілуде. Дәрі-дәрмектен мәселе жоқ.
Айта кетейін, 14 адамның өмірі қиылған оқыс оқиға 4 күн бұрын болған. Бірақ әлі күнге өрттің неден тұтанғаны айтылмай жатыр. Әзірге келтірілген шығын көлемі де белгісіз. Ал, екі күн бұрын әскери бөлімдегі тілсіз жау ауыздықталды деген еді. Бірақ кешке тағы бір мәрте дүмпу болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!