Вакцинация қарқыны төмен
Егілуге асыққандар аз. Бүгін вирусқа қарсы вакцинаның екі бірдей компонентін алуға берілетін уақыт аяқталады. Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес бірқатар сала қызметкерлері толық вакциналанбаса апта сайын ақылы ПТР тест тапсыруға міндеттелген. Осы орайда, тек Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары межелі мерзімге үлгеріп қалу үшін екпе егу орындарына ағылып жатыр. Қалған өңірлер мен ірі қалалардың халқы алдын ала қамданған ба, әйтеуір вакцинация пунктерінде қарбалас байқалмайды.
Автор: Жаңалық Ахаш, Сымбат Ғалымбекұлы, Айзат Тұрғынбекқызы
31.08.2021
Ертеңнен бастап еліміздегі вакцина алмаған қызметкерлер жұмысқа жіберілмеуі мүмкін. Өйткені 1-ші қыркүйектен бастап жұмыс берушілерді тексеру басталады. Бұған дейін еліміздің бас санитар дәрігері екпенің бірінші компонентін қызметкерлер оныншы тамызға дейін, екіншісін қыркүйектің біріне дейін алып болу керектігін айтқан еді. Егер ешбір себепсіз қарамағындағы адам екпе салдырмаса жұмыс беруші жазаланады, яғни айыппұл төлейді.
Қызметкерлер үшін вацина алудың соңғы күні болғандықтан емханаларға екпе алуға келушілер қарасы көп. Мәселен Ақтөбедегі мына ауруханада сағатына он-он бес адамға вакцина салып жатыр. Әдеттегіге қарағанда бұл екі есеге көп. Дегенмен, тұрғындар вакцина алуға қызметтік талаптың әсері болғанын ашып айтпайды.
Базаргүл Бисенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Өзім ИП-мын. Халыққа жұмыс істейтін болғасын вакцина алу керектігін біліп, келіп, халыққа айтамын. Сол менің өзімнің выборым китайский вакцинаға жазылып отырмын, күтіп отырмын кезегімді.
Ақтөбе облысы бойынша вакцинаның қос компанентін 223 мың 237 адам алған. Ал бірінші компанентін алғандар үш жүз мыңға жетпейді. Аймақтағы тұрғындардың жартысы екпеге қатысты әлі ойналып жүрген көрінеді. Бірақ соңғы аптада келушілер көбейді дейді дәрігерлер.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі кезде мың жарым, екі мыңдай адам осы Ақтөбе облысы тұрғындарынан күнделікті вакцина алып жатыр. Әрбір медициналық ұйымдар бізде жұмыс істеп жатыр егу жүктемелері шттаттық режимде. Сұраныс болғанда бізде негізінен Спутника Ви мен Синофарм вакцинасы егіліп жатыр. Екеуіне де сұраныс бар.
Вакцина алуға елді тарту үшін бұған дейін Ақтөбе облысының әкімдігі ұтыс та ойнатқан еді. Бірақ оған көпшілік қызыға қоймады. Ал енді күнделікті нәпақа тауып отырған жерінен талап күшейгенде ғана екпеге мән беріп жатыр. Өйткені, вакцина алмаған жұмысшылар апта сайын өз ақшасына ПТР тест тапсыруға мәжбүр болады.
Алматыдағы ойын-сауық орталығы. Мұндағы екпе егу пунктінде адам қарасы аз. Бүгін вакцинаның екінші копонентіне берілетін уақыт аяқталады. Соған қарамастан екпенің екіншісінен гөрі бірінші дозасын салдырып жатқандар көп екен. Солардың қатарында студенттер жетерлік.
Мәселен, Бекзат апта сайын ақылы ПТР тест тапсырудан имуунизация әлдеқайда тиімді екенін айтады. Колледжде емін-еркін білім алу үшін ол вакцинаның бірінші компонентін алуға келіпті.
Бекзат Көшмағанбетов, студент:
- Бірінші компонентпен бара беруге болады. Оқып жүргеннен кейін екінші компонентті алуға болады деді. Вакцинасы болмағандар апта сайын ақша төлеп ПТР тест тапсырады. Спутник V вакцинасын таңдадым.
Шаһарда 160 вакцинация орны жұмыс істеп тұр. Мамандар маусым мен шілдеде күн сайын 7-8 мың адам еглетінін тілге тиек етті. Ал тамыз айында бұл көрсеткіш едәуір азайған. Алматылықтар отандық QazVac, ресейлік Спутник V мен қытайлық VeroCell вакцинасын таңдау мүмкіндігіне ие. Осы үш препараттың ішінен Sinofarm өніміне әлі күнге дейін сұраныс жоғары болып тұр. Айта кетейік, онкологиялық есепте тұрғандар мен жүкті әйелдерге дәрігерлер медициналық анықтама береді.
Әсел Кенжетайқызы, терапия бөлімінің меңгерушісі:
- Көп адамдар осы VeroCell-ді күтіп алып жатыр. Қазір адам саны кішкене саябырлады. Өйткені, көбісі алып алды оған дейін. Басында адамдар вакцинаға қорқынышпен келетін. Қазір көбісі түсінді. Аман қалуына, денсаулығын сақтауға осы вакцинаға ғана құтара алатынына көздері жетті деп ойлаймын.
Емханаларда да бүгін қарбалас байқалмайды. Тұрғындар кезек-кезегімен кіріп, екпе салдырып жатыр. Соңғы тәулікте қалада қауіпті кеселге қарсы вакцинаның екінші компонентін 4 мыңға жуық адам алған. Ал ақпан айынан бері Алматыда толық вакцинацияланғандардың саны 724 мыңнан асып жығылды.
Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай әлі де оңалар емес. Көкшетаудағы инфекциялық аурухана 99 пайызға толған. Сондықтан, жаңа оқу жылы қарсаңында санитарлар ұстаздардың екпе алуын бірінші кезекке қойған. Қазір облыстағы 15 мыңнан аса оқытушының 13 мыңы екпенің екі компонентін де алып, Білім күніне сақадай сай отыр.
Тұрғындарға екпе алу үшін барлық жағдай жасалған. Өңірде қазір 133 жерде егу бекеттері жұмыс істеп тұр. Бірақ, онда адам аяғы өте аз. Содан болар коронавирус жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Соңғы тәулікте ғана облыста 259 адамнан жұқпалы індет анықталған. Мәселен үйден шықпаймыз деп екпе салдырмаған мына апай базар аралап жүр.
Өрік Қайдарова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Сіз вакцина алдыңыз ба?
- Жоқ деймін, біз енді үйдегі пенсионерміз.Ешқайда шыға қоймаймыз деп айтуға болады. Біреуіне сенсек, біреуіне сенбейміз. Енді қорықсақ та, бір Құдайға сенеміз.
Серік Омарханов, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Вакцинация әлі жалғаса береді. Әртүрлі себептермен үлгере алмағандар, демалыста болғандар, медициналық іріктеу бойынша екпе кейін шегерілгендер бар. Екіқабат және бала емізетін әйелдер апта сайын ПТР тапсырмайды. Қазір, әлі де екпеден бас тартып отырғандарға түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал,солтүстікте вакцинация науқаны қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Петропавлда емханадағы екпе кабинеттерінде ұзын-сонар кезек. Тіпті,қоғамдық орындарда ашылған екпе бекеттеріне де жұрт ағылып жатыр. Бұған дейін, медицина қызметкерлері екпеге адам таппаса, қазір кезек күткендер көбейген.
Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация ақпанның 1 де басталған. Бүгінге дейін 5 365 824 адам вакцинаның толық компонентін салдырыпты. Ал, ертеңнен бастап Бас санитардың қаулысына сәйкес ұстаздар қауымы 100 пайыз екпе алуы тиіс. Сондай ақ мекемеге кіру кезінде «ашық» қосымшасын енгізу міндеттелген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!