Қорғаныс министрі отставкаға кетті
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, өтінішін қабылдаған. Оның орнына жаңадан министр болып 55 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Мұрат Бектанов тағайындалды. Бұған дейін ол Ермекбаевтың бірінші орынбасары Қазақстанның Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметінде болған.
Автор: Ербол Тұрымбет
31.08.2021
Нұрлан Байұзақұлы 2018 жылдың тамыз айынан бері Қорғаныс министрі қызметін атқарып келді. Бір қызығы, 2019 жылдың наурыз айында оған генерал-майор атағы беріледі де үш айдан соң Арыста үлкен жарылыс болады. Орасан шығын әкелген сол жарылыста үш адам көз жұмды. Сол үшін қатаң сөгіс те алған. Бірақ соған қарамастан былтыр мамыр айында шені көтеріліп, генерал-лейтенант атанды. Ермекбаевтың ел есінде қалатын естелігі ол ғана емес. Арыстағы жарылыстан кейін «Ол табиғи нәрсе. Әзірге кешірім сұрайтын нәрсе көріп тұрған жоқпын» дей салған. Ал осы жолы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан соң, бұл оқиғаға министрді кінәлі деп айту надандық екенін мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!