Бюджет қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі
Жаңа жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы көтерілетін болды. Мұғалім, дәрігерлермен бірге, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар сынды бюджеттен жалақы алатын 600 мыңдай қызметкердің жалақысы үш жыл қатарынан өспек.
Автор: Ербол Тұрымбет
01.09.2021
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз.
Президенттің айтуынша, елімізде 6 жарым миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы соңғы 10 жылда кәсіпорын иелері табысының өсімінен 60 пайызға жуық қалып қойды. Осыған байланысты Үкімет өз есебінен жұмысшыларының жалақысын көбейтетін бизнес өкілдеріне «ұтымды» шаралар әзірлейді. Яғни, қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер берілмек. Сондай-ақ, биыл жыл басынан бері 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің және әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өскен еді. Енді бюджеттен қаржыланатын өзге де сала қызметкерлерін осындай жағымды жаңалық күтіп тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бұлар мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!