Жолдаудың жаңалықтары
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 42500-ден 60 мың теңгеге көтеріледі. Бұл миллионнан астам қазақстандықтың жалақысының өсуіне әсер етеді. Бүгін Парламенттің біріккен отырысында жыл сайынғы Жолдауын жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев соның арқасында көлеңкелі жолмен жалақы алатындардың қатары азаятынына сенімді. Одан бөлек, зейнетақы жинағын «Отбасы банкіндегі» депозитке аударуға да рұқсат берілмекші.
Автор: Ербол Тұрымбет
01.09.2021
Ал елдегі шарықтап бара жатқан инфляцияны төмендету Үкіметке тағы тапсырылды. Оны орындай алмайтындарға Тоқаев осы бастан орнын босату керектігін айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру экономикаға жағымды әсер етіп, жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайыз өсуіне әкеледі. Осыдан 3 жыл бұрын 28 мың теңге болып тұрғанда 2019 жылдан бастап 42500-ге өседі дегенде бір даурыққанбыз. Бірақ, нарық бағамының өсіп кетуіне тосқауыл болу мемлекеттің қашаннан бері қолынан келмей келе жатқан шаруасы. Қазір жылдық инфляция 8,4 пайыз. Оның ішінде жыл басынан бері ең қатты қымбаттағаны азық-түлік. Инфляцияны енді бұрынғыдай 4-6 пайыз аралығына қайтару керек дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз сонымен бірге, инфляцияның бақылаусыз өсіп бара жатқанынан тап болдық. Ұлтық банк пен Үкімет оның алдында шарасыз қалып, әлемдік тенденцияларға сілтей береді. Мұндай сылтаулар тек ұлттық экономикамыздың әлсіз екенін дәлелдей түседі. Ендеше біздің кәсіби экономистеріміз не бітіріп отыр деген сұрақ туындайды.
Президент Тоқаевтың бұл жолғы тағы бір жаңалығы, зейнетақы жинағындағы артық қаражатын «Отбасы банкіндегі» депозитке аударуға рұқсат беру. Бұл мүмкіндік осыған дейін тек әр түрлі жолмен баспана сатып алушыларда және ем-домына жұмсағысы келетіндерде ғана болып еді. Сондай-ақ, елдегі мектеп жетіспеушіліге қатысты мәселені де Үкіметке түбегейлі шешуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Орта білімдегі өзекті мәселе болып тұрғаны мектептердегі орын жетіспеушілігі. Дефицит 225 мыңға барып тұр. Егер жедел шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай ол миллионға дейін жетуі мүмкін. 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуды тапсырған едім. Бүгін соны мыңға дейін жеткізуді тапсырам.
Бізде қиын жағдайдағы активтерімен басы қатып жүрген банктер жетерлік. Бірақ мемлекет бұдан былай банкирлерге көмектеспейді. Тоқаев оны бүгінгі жолдауында да айтты. Әрі пандемия салдарын жою үшін жұмсалған шығынды Ұлттық қордан толтыра беруді де тыйылмақ. Тіпті сол үшін жыл соңына дейін бюджет ережелері енгізіліп, соған сай заңға түзетулер енгізілуі тиіс.
Бәрінен де осы айтылғандардың орындалуы қазірден-ақ күмән тудыратын сияқты. Өйткені, мемлекет басшысының ұстанған бағытына күмән келтіретіндер, жұмысын игере алмай, қызметте жәй отырып кеткісі келетіндер орнын босатуы керек дейді президент. Жолдауда атап тұрып айтқанына қарағанда, мұндайлар елде аз болмаса керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!