Ипотекалық мөлшерлеме 2%-ға дейін түседі
Елімізде зейнетақы жинағын пайдалану ережелері қайта қаралады. Яғни, Президент тапсырмасына сәйкес, тұрғындарға зейнетақы жинағының шекті мөлшерден асатын бөлігін «Отбасы банктегі» шотына аударуға мүмкіндік беретін түзету енгізілмек. Ал, осы банкте жылдап үй кезегінде тұрғандар үшін бастапқы жарна мөлшері төмендейді. Бұған қоса, жеңілдікпен несиелендіру бойынша ипотекалық мөлшерлеме 2 пайызға дейін түспек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
02.09.2021
Еліміздің жылжымайтын мүлік нарығын оң өзгерістер күтіп тұр. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Президент тапсырмасын орындауға кірісіп те кеткен. Бүгін Бейбіт Атамқұлов «Отбасы банктің» баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін бастапқы жарна мөлшері тұрғын үй құнының 10 пайызына дейін төмендетілетінін жеткізді. Ал, жеңілдетілген несие бойынша ипотекалық мөлшерлеме 2 пайызға дейін түседі.
Бейбіт Атамқұлов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкінің» ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Отбасы табысына байланысты жеңілдікті несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2 пайыз және 5 пайыз болады.
Сондай-ақ, министр зейнетақы жинағын пайдалану ережелері қайта қаралатынын мәлімдеді. Яғни, тұрғындарға зейнетақы жинағының шекті мөлшерден асатын бөлігін «Отбасы банктегі» шотына аударуға мүмкіндік беретін түзету енгізілмек. Бұл, әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік дейді банк өкілдері. Айта кетейік, бұған дейін 29 жасқа дейінгі азаматтардың басым бөлігі зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асатын қаражатын емге жұмсаған.
Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» орталық филиалының директоры:
- Біздің жүргізген есебіміз бойынша 190 мыңға жуық жас отбасылар осы Президент бастамасын қолдап, өзінің ақшаларын, яғни зейнетақы қорынан «Отбасы банкіне» аудара алады. Бұл өз кезегінде осы «Отбасы банкіндегі» алғашқы жарна жинақтау мерзімін 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Енді 190 мың биыл болса, жыл сайын 15 мыңның үстінде жас отбасылар осы мүмкіндікті пайдаланып, өзінің тапқан табысына қоса, осы зейнетақы қорындағы жеткізікті мөлшердегі ақшаны осыған пайдалана алады.
Бұл өзгерістер баспана құнының қымбаттауына әкелмейді деп сендіреді экономистер. Себебі, қазір жылжымайтын мүлік нарығындағы баға онсыз да ұшып тұр. Мәселен, Алматыда 1 бөлмелі пәтерлер шамамен 20 миллион теңгеден сатылса, 2 бөлмелісі кемі 25 миллион теңге тұрады. Елордада баға бұдан сәл төмен. Қымбатшылық негізсіз деген сарапшылар шаршы метрлердің арзандауын да күтудің қажеті жоқ дейді.
Расул Рысмамбетов, экономист:
- Баспана бағасы ұшып тұр. Жаңадан пайдалануға беріліп жатқан үйлердің сапасы онша жақсы емес. Бір жыл ішінде пәтер құны түсе қоймайды. Өйткені, бізде цемент қымбат. Өзге де құрылыс материалдарының құны шарықтап тұр.
Айта кетейік, жыл басынан бері 250 мың адам зейнетақы жинақтарын пайдаланып үлгерді. Яғни, зейнетақы қорындағы салымшылардың шекті мөлшерден асатын 1,4 триллион теңгесі баспанаға жұмсалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!