Жалған хабарлама бергендер әлі ұсталмады
Ақтөбедегі алты мектепке бүгін тағы да бомба қойылды. Сондықтан оқушылар екінші күн қатарынан сабаққа кіре алмай жүр. Өйткені тәртіп сақшылары қатердің бар-жоғын білмейінше білім ошағына ешкім кіргізілмейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.09.2021
Таң атасымен жарылғыш зат қойылды делінген мектептердің барлығы қоршауға алынды. Бір сағат бойы иісшіл иттер ғимараттарды тінткенімен, ешқандай қауіпті зат табылған жоқ. Ал жарылғыш зат қойылғаны туралы хатты бұл жолы күдікті алты мектептің электронды поштасына жіберген. Күні кеше дәл осы білім ошақтарында қауіп барын айтып, осындай хабарлама түскен еді. Соның кесірінен алғашқы қоңырауға арналған саланатты жиын да өтпеді. Ал бүгін бірінші ауысымда оқитын оқушыларға сабақ бір жарым сағатқа кешігіп басталды. Балалардың зәресін алып, елді әуре-сарсаңға салған күдіктіні жедел ұстауды ата-аналар талап етіп отыр. Олар жалған хабарлама бергендермен күресуге тәртіп сақшыларының қауқарсыз болып отырғанына ашынады.
Жолдас Батырхан, Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысы:
- Оқу процессін бір сағатқа тоқтатуға тағы да мәжбүр болдық. Бір сағат көлемінде полиция департаменті тексеріп барлық ғимараттарды, бұл ақпараттың да жалған екенін анықтады. Алты мектепте бірінші аусымда оқитын 3400 бала өзінің оқу процессін бастады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!