Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы
Аshyq қосымшасында мәртебесі көк түсті көрсеткен алматылықтар демалыс күндері сауда орындары мен дәмханаларға кіре алмайды! Осындай өзгертулер енгізілген қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы ертеңнен бастап күшіне енбек. Оған сәйкес, кәсіпкерлік нысандардың жұмыс уақыты ұзартылғанымен, олар сенбі-жексенбіде тек «жасыл» мәртебесі бар тұрғындарды қабылдайды. Ал, вакцинаға қарсы көрсетілімі бар азаматтар өзімен бірге анықтамасын алып жүруі керек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.09.2021
Ертеңнен бастап Алматыдағы Аshyq жүйесі бойынша жұмыс істейтін барлық бизнес нысандарының жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылады. Яғни, олар енді түнгі 12-ге дейін клиенттерін қабылдай алады. Ал, Аshyq-тың көшбасшылары, тіпті, түнгі 2-ге дейін жұмыс істесе болады. Бірақ, сауда және қоғамдық тамақтану орындары демалыс күндері «көк» мәртебелі азаматтарды кіргізбейді. Ішке тек вакцинаның екі компонентін алып, қосымшасы «жасыл» түсті көрсеткендер жіберіледі. Ал, екпеге қарсы көрсетілімі бар азаматтар анықтамасын өзімен бірге алып жүруі керек. Бұл талап бизнес нысандардың қызметкерлеріне де қатысты.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- 7 күн арасында сынамаларын тапсырғаннан кейін және теріс нәтижесі ПТР-ден алған олар да осы жасыл мәртебесін алады. Оның арасында тағы өздерінің медотвод дейміз, сондай анықтамалары бар кісілер, олар да осындай жасыл мәртебемен істеп жатқан Аshyq обьектілеріне кіруі мүмкіндіктері бар. Ол үшін осындай анықтамасын көрсетуі керек.
Қазір 48 мың алматылықтың вакцинаға қарсы көрсетілімі бар. Айта кетейік, бұл шектеудің қонақүй, әуежай, вокзал мен білім беру орындарына қатысы жоқ. Сондай-ақ, жұмыс күндері «көк» мәртебелі азаматтар дүкен, базар, ойын-сауық орталығы мен дәмханаларға еш кедергісіз кіретін болады. Қолға алынған шаралардың арқасында күзде коронавирусқа шалдығатындар едәуір азаяды дейді мамандар.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:
- Қыркүйекте күнделікті коронавирус жұқтыратын науқас саны 500-600-ге дейін түседі деп болжап отырмыз. Ал, қазан айында індеттің жаңа штамдары тарамаған жағдайда бір күнде індетпен тіркелетін науқас саны 100-200-ге дейін түседі.
Айта кетейік, қалада соңғы тәулікте 1300-ге тарта адамның коронавирусқа тапсырған тесті оң шыққан. Аshyq жүйесінің арқасында өткен аптада 1445 «қызыл» мәртебемен, 47 «сары» мәртебемен кәсіпкерлік нысандарға кірмек болған азамат анықталған. Мұндай тәртіп бұзушылар көбіне қоғамдық тамақтану орындарында тіркеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!