Жағдай оңала бастады
Елордада коронавирус жұқтырушылардың азаюынан ковид ауруханалары жабыла бастады. Бас қалада жағдай қалыпқа түскенімен, басқа өңірлерде керісінше. Себебі, ондағы тұрғындар вакцина алуға құлықсыз. Екпе ұтыстары ұйымдастырылып, жүлде таратылса да оның ықпалы болмай тұр. Әсіресе вакцина салдыруда ең төменгі көрсеткіш әлі де сол Маңғыстау облысында. Өңірде бір күнде 200-ден аса адамның жұқтыруы соның салдары дейді мамандар.
Автор: Нұрболат Досжан
03.09.2021
Нұр-Сұлтанда қазір 1484 науқас емделіп жатыр. Емделушілердің саны күн санап азайып келеді. Мәселен, өткен айда індетті жұқтырғандар 2 900-ге дейін жетсе, қазір одан екі есе аз. Тамызда тәулігіне 1300-ден астам науқас тіркелсе, қыркүйектің алғашқы аптасында аталған көрсеткіш 430-ды құрады. Ауыр жағдайда ем алған науқастардың саны күрт төмендеген. Сондықтан, бірқатар инфекциялық стационарлар кезекпе-кезек жабылып жатыр.
Желеухан Пірімқұлов, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
- Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамыр, шілде айларында инфекциялық болып бейімделген стационарлар жабу туралы шешім қабылдады. Осылайша, қыркүйектің 3-4 күндері 370 төсек орындық, үш орын жабылуда. Бұл: Қалалық психикалық денсаулық сақтау орталығы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті госпиталі және Қорғаныс министрлігінің госпитальдері.
Ал, Ақтөбе облысында жағдай керісінше! Қауіпті дерттің таралуы күн сайын үдеп барады. Вирус анықталған науқастардың қызуы көтеріліп, өкпесі қабынып ауруханаға түсіп жатыр. Соңғы тәулікте 339 адамнан COVID табылды. Коронавирус жұқтырған 137 жүкті келіншектің төртеуінің жағдайы ауыр. Балаларға қатысты ахуал да мәз емес. Одан бөлек мамандар күніне 2-3 отбасына қаралы хабар жеткізетіндерін жасырмады.
Бекболат Ізбасаров, Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Өлім-жетім туралы айтатын болсақ орташа есеппен 2-3 адам күніне коронавирус инфекциясынан қайтып жатыр өкінішке орай. Қазіргі кезде 394 бала бізде бақылауда. Оның ішінде 18 бала стационарда ем алып жатыр. Барлық баланың жағдайы орташа ауырлықта.
Маңғыстау облысында эпидахуал тіптен тұрақсыз. Соңғы тәулікте өңірде 238 адам вирус жұқтырған. 631 адам үйінде өкпе қабынуына қарсы ем қабылдап жатыр. Облыс екпе көрсеткіші бойынша төменгі орында. Сондықтан санитар дәрігерлер тұрғындарды барынша екпе алуға үгіттеп жатыр.
Мәдина Рахметова, Маңғыстау облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы
- Бізде халық вакцинациялаудан төменгі орында. Сол үшін Маңғыстау халқын вакцинациялауға шақырамын. Себебі, біз коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны алмасақ бұл аурудан қазір, бүгін-ертең айықпайтынымыз анық. Ұжымдық иммунитетті қалыптастырған жағдайда ғана біз осы ауруды жеңеміз.
Қарағанды облысында бір тәулікте 622 адамнан вирус анықталған. Дертті болғандардың басым бөлігі 60 жастан асқандар мен 14 жастағы балалар. Сондықтан қалада карантиндік талап күшейген. Тек кейбір кәсіптік нысандардың жұмысына жеңілдік беріліп отыр. 30 тамыздан бастап "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес объектілері үшін жұмыс уақыты ұзартылады.
Айгүл Шатекова, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі
- Эпидемиологиялық мониторингке сәйкес, сырқаттанушылықтың төмендеуі алдыңғы аптамен салыстырғанда 37,7 пайызға төмендеді. Аурудың жоғары көрсеткіштері Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында және Осакаровка ауданында байқалуда.
Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының көрсеткіші бойынша еліміздің басым бөлігі қызыл аймақта. Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстары сары аймаққа кірсе, жасылда тұрған жалғыз Түркістан облысы ғана.
Ресми статистика бойынша, бүгінде елімізде індет жұқтырғандардың саны 99 мыңнан асып тұр. Бұл бей-жай қарайтын көрсеткіш емес. Вирустың өршу себебін түсіндірген мамандар елді вакцина алуға шақырудан жалығар емес. Айта кетейік, қазір елімізде вакцинаның үш түрі жеткілікті. Олар отандық «Қазвак», ресейлік «Спутник» және қытайлық «Синофрам».
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!