Апалы-сіңілі қыздар 13-ші қабаттан құлап кеткен
Алматыда бір үйдің екі бірдей баласы көпқабатты үйдің балконынан құлап кетті. 3 және 5 жасар апалы-сіңілі қыздар сол жерде жан тапсырған. Жантүршігерлік жайт анасы дүкенге шығып кеткенде болыпты. Анасын іздеген қос бүлдіршін балкон терезесіне асылып тұрғанда ауып кетсе керек. Қайғылы жағдайға қатысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
03.09.2021
Қайғылы жағдай түскі екілер шамасында «Премьера» тұрғын үй кешенінде болған. Бір үйдің екі баласы 13-ші қабатынан құлап кеткен. Ауыр жарақат алған қыздар оқиға орнында мерт болды. Жантүршігерлік жайтты көрген тұрғындар бірден полиция мен жедел жәрдем қызметін шақыртыпты.
Бір отбасының 3 және 5 жасар апалы-сіңілі қыздары ашық тұрған балкон терезесінен төменге бірінен кейін бірі ауып кеткен. Болған жайтты көзімен көрген куәгер тұрғын үй кешенінің ортақ чатына жазыпты. Көршілердің айтуынша, оқыс оқиға анасы дүкенге шығып кеткенде болған.
Кәмілбек Әбдіжарық, көршісі:
- Дүкенге шығып кетіпті балаларын тастап. Анасы шығып кеткен ғой. Бір үйден екі бала деген оңай емес. Тағдыр солай дейміз. Балаларға ерекше қарау керек қой.
Дина Бұтабаева, көршісі:
- Келіншек өтіп бара жатып, бір баланың терезеден қарап тұрғанын көрген ғой. Сол арада бір бала құлаған. Артынан екінші бала құлағанын көреді. Ол өзі жаза алмай тұрмын деп сасқалақтады. Екеуі де бірден көз жұмды. Сол арада барлығы шулап, содан жүгіріп келдік.
Қазір аталған аумақ қоршауға алынған. Тергеу тобы болған жайттың себеп-салдарын анықтауға кірісті. Осы оқиғаны өз бақылауыма алдым деген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қос бүлдіршінінен айырылып, қара жамылған отбасыға көңіл айтты.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі
- Наурызбай ауданында 3 пен 5 жастағы балалардың қазасына байланысты ата-аналарына көңіл айтамын. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл жазатайым болған оқиға. Полиция департаментіне мән-жайды анықтап, объективті тергеу жүргізу тапсырылды. Жағдайды жеке бақылауыма алдым.
Құзырлы орган өкілдері терезеден құлап, көз жұмған балалардың саны жылдан жылға көбейіп бара жатқанын жеткізді. Сондықтан олар көпқабатты үйлердегі пәтер мен балкон терезелерін қорғаныш құралдарымен бекіту қажеттігін кезекті рет ескертіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!