Қазығұртта балабақша қызметкерлері жыларман болып жүр
Түркістан облысында балабақша қызметкерлері жалақыны жырымдап алып жыларман болып жүр. Айтуларынша, онсыз да мардымсыз айлықты меңгеруші жөндеу жұмыстарына деп ұстап қалған. Ал құрылыс сол күйі басталмапты.
Автор: Бек Әбиев
06.09.2021
«Айлап ақша көрмейміз» деген Қазығұрт ауылындағы мемлекеттік бөбекжай қызметкерлері зейнетақы жарнасының түспей жатқанына да алаңдаулы. «Басшыдан зәрезап болдық» дегендердің базынасын КТК тілшісі тыңдап келді.
Қазығұртағы «Болашақ» балабақшасының былтырдан бері берекесі кеткен. Өткен жаз басшылыққа келген меңгеруші ғимараттың жөндеу көрмегенін алға тартып, асарлатып іске кірісуге ұсыныс тастаған. Ол үшін мемлекеттен бөлінуі тиіс қаржыны 60 адамның екі айлығын қысқарту арқылы жүзеге асырмақ болған. Бірақ ғимарат сол күйі жөнделмеді, ақша да қайтқан жоқ.
Салтанат Омарова, балабақша психологы:
- Ешкімнің рұқсатынсыз, ешкімге жиналыс жасамай қазан айында түсетін айлықтан 60 пайыз қысқартады, тағы бір айда 75 пайыз алады. Келсек, ешқандай жөндеу жүргізбеген. Бастықтан сұрадық: «Жөндеу болмаған, біздің ақшамыздан ұстадыңыз ғой, неге ұсталынды, неге жөндеу жоқ?» десек, «сен басымды қатырма» деп айтты.
Қит етсе «қаржы жетпейді» деген басшы тек есепшімен ғана әңгімесі жарасады дейді жиналғандар. Сондықтан зейнетақы қорына да ақша аударылмай қалады, еңбек демалысының ақшасы да айлап кешіктіріледі екен. Ақыр аяғы антисептик пен дәрі-дәрмек те біздің мойнымызда деген ұжым: «тым болмаса, айлықты дер кезінде толық мөлшерде берсін, деп отыр.
Айжан Тасболатова, дефектолог-логопед:
- Чатымыз бар, сол чатта біреуі «50 пайыз алдым» деді. Біреуі «70 пайыз түсті» деді. Айлық неге солай деп шырылдап жатты да. Сондай боп жатыр да, неге ол алалап түсіріп жатыр?
Меңгеруші өзіне шаң жұқтырмады. Айтуынша, жалақаны кешіктірмеген, жөндеу жұмысына деп ақша да жинамаған. Десе де қаржы жетіспеген соң кей заңбұзушылыққа барғанын мойындады.
Ұлжан Жиренбаева, балабақша меңгерушісі:
- Мен заңбұзушылыққа барғаным, осы айда қызметкерлерге айлық жетпеді. Сол себепті 76 пайыздан бәріне теңдей бөліп бердім. Мен мойындаймын оны. - Құқықбұзушылыққа бармай, 100 пайыз айлығын кешіктірмей толық көлемде беріп отыру үшін қанша қаржы керек сіздерге?
- 47 мыңнан керек, жан басына. Ал біз қазір 33 мыңнан алып жатырмыз.
Яғни қаржыландыру мемлекет тарапынан көбеймесе, бөбекжай қызметкерлерінің күні қараң қалатын сияқты. Бірақ «осы басшыға дейін мамыражай өмір сүрдік» деген ұжым балабақша меңгерушісі мен есепшінің құжаттарын толық тексеруді талап етеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!