Ақжарлықтар жарылғыш зат қоймасын көшіруді талап етуде – Ақтөбе
Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары жарылғыш зат сақталған қойманы көшіруді талап етті. Өйткені қауіпті аймақ үйлеріне қол созым жерде орналасқан. Жамбылдағыдай жағдай қайталанса, түгіміз қалмайды деп үрейленеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.09.2021
Ал құзырлы орган өкілдері қоймалардан еш қауіп жоқ деп отыр. Бірақ ол жерде жарылғыш заттың барын жасырмайды.
Жамбыл облысындағы жарылыстан соң Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындарынан маза қашқан. Дәл үйлерінің түбіндегі жарылғыш зат сақталған қоймаға қарап үрейленеді. Қауіпті аймақ пен ауыл арасы небәрі 150-200 метр. Жарылыс болса қашып шықпақ түгілі, орнымыздан тұрып үлгермейміз деп шошиды олар.
Жәрдем Қазтуғанов, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Үрейдеміз. Арыста, Таразда болған оқиға тағы қайталанса, сан соғып қаламыз. Ішінде бұрыннан қалған жарылғыш заттар болуы мүмкін. Тротил болса, соның өзі де жетеді. Ол мерзімі өткеннен кейін өзінен-өзі от алып атылады.
Ғани Дәрібаев, Ақжар ауылының тұрғыны:
- Тексеріп бізге жауабын берсе, «дұрыс», «дұрыс емес» деп, бар-жоғын айтып. Сұрайтынымыз сол. Мына халық бар, балалар бар. Кешегі жарылыстан кейін бәріміз қорқамыз.
Тұрғындар үйлерінің іргесінде жарылғыш заттың сақталғанын қаламайды. Сондықтан тексеріп қана қоймай, қойманы толық көшірсін деп талап қойып отыр.
Тікенек сыммен қоршалған аумақ Ақжар ауылының іргесіне тиіп тұр. Қоршаудан ары қарай өту қауіпті екені туралы әр жерге ескерту тақшайлары ілінген. Ал аймақ «Казпромгеофизика» АҚ-на тиесілі.
Құзырлы органдар қоймаға былтыр тексеру жүргізгенін айтады. «Ауылға еш қауіп жоқ» деп отыр. Бұл жерде әскери оқ-дәрі емес, өндірістік жарылғыш зат сақталады екен. Оны мұнай-газ кен орындарына қолданады.
Самат Тәждәулетов, Ақтөбе облысы өндірістік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары:
- Бұл қорғаныс министрлігіне қарайтын нысан емес. Бір зарядтың көлемі екі жарым тонна болса да, ауылға қауіп төндірмейді. Күзеті бар. Қауіпсіздік шараларын сақтаса, еш қауіп болмайды. Мұнда өндірістік жарылғыш заттар ғана бар.
Қойма өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері бар. Кезінде қауіпсіздік комитетіндегілер әкімдікке бұл маңнан үй салуға ешқандай жер бермеу туралы өтініш те айтқан екен. Бірақ оны ешкім елемеген. Ал енді қойманы көшіру туралы шешім қабылдауға ойланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!