Ковид-19 кәмелетке толмағандар арасында көп тарап жатыр
Елімізде короновирус жұқтыру қарқыны біршама азайған. Дегенмен кейінгі уақытта қауіпті кеселдің кәмелетке толмағандар арасында тарауы артыпты. Қазір 12 өңір «қызыл» аймақта. Төрт облыс «сарыға» ауысса, Түкістан өңірі ғана «жасылда» тұрақтап тұр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
06.09.2021
«Қызыл» өңірдерде тәртіп әлі қатаң болғанымен, қоғамдық орындардың «Ашықпен» жұмыс істеу уақыты ұзартылған.
Қарағанды облысында соңғы тәулікте қауіпті кесел 492 адамнан анықталды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда едәуір төмен. Дегенмен Қарағанды мен оған серіктес қалаларда коронавирус жұқтыру көрсеткіші жоғары. Сондықтан өңірде демалыс күндері қоғамдық көліктің жүрмеуі жұртты әуреге салып жатыр. Тіпті жұмыс күндері де аялдамаларға келетін автобустар азайған. Санитар дәрігерлер енді қоғамдық көлік қозғалысын мобильдік топтар қатаң бақылауға алады деп отыр.
Айгүл Шәтекова Қарағанды облысы санитария-эпидемиология бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, қоғамлық көліктердің автобустардың, шыағын автобустардың адам көп жиналатын қарбалас уақытта желіге барынша шығуын, соңғы аялдамаларда көлікті дезинфекция құралымен өңдеуді және осы қаулыдағы талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет.
Атырау облысында вирус жұқтырған балалар саны күн санап артуда. Жыл басынан бері 2300 кәмелетке жетпеген бала індетке шалдыққан. Қазірдің өзінде 18-ге толмаған 400 адам амбулаториялық бақылауда. Ал жаңа оқу жылы басталғалы бес күннің ішінде 89 оқушы індеттің ілмегіне түскен. Бұлай жалғаса берсе, бірнеше сынып карантинге жабылуы ықтимал.
Айша Кенжемұратова Атырау облысы ауруханасының баспасөз хатшысы:
- Балалар арасындағы коронавирустың көбейуі ата-аналардың вакцина алмауынан болып отыр. Егер ата-аналар вакцина алса, вирус жұқтыру саны азаяр еді. Сондықтан баланың саулығы үшін барлық ата-аналарды вакцина алуға шақырамын.
Ақтөбе облысында бүгін 67 адамнан ғана қауіпті кесел анықтаған. Кесел дендеп ауруы асқынғандар саны да азайыпты. Қазір жансақтау бөлімінде 112 науқас жатса, оның 40-ының жағдайы тым ауыр. Көрсеткіш өткен аптамен салыстырғанда төмен болғанымен, дәрігерлер бұл әлі қуанатын жағдай емес деп отыр.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиология бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Ақтөбе облысында өсу санының бәсеңдегені байқалып отыр. Бірақ бұларада 67 жағдай тіркелді екен деп қабылдаған шараларды бәсеңдетудің қажеті жоқ. Адамдар түсіну керек, жағдай сейілген жоқ.
Соңғы тәулікте ел аумағында каронавирус 3894 адамнан анықталды. Кеше осы кесел 72 адамның өмірін алып кетті. Пневмониядан 19 науқас ажал құшқан. Қазір коронавирус инфекциясынан 93 мың адам ем алып жатыр. 425 адамның жағдайы тым ауыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!