Вакцина алмағандар енді жұмысқа кіргізілмейді
Екпесіз еңбек ете алмайды! Елімізде бүгіннен бастап қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер вакцинасыз жұмысқа кіргізілмейді.
Автор: Нұрлан Нұрланқызы
06.09.2021
Табыссыз қалудан қорыққан Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары мен сұлулық салондары қызметкерлерінің 90 пайызы індетке қарсы екпе салдырыпты. Ал бұл талапқа көнбегендер өз еркімен жұмыстан шыққан.
Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап коронавирусқа қарсы вакцина қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер үшін міндетті болады. Вакцина алмағандар жұмысқа жіберілмеуі керек. Бұл туралы естіген бойда Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері вакцинация пункттеріне ағылған. Қазір мұндағылардың 90 пайызы «жасыл» мәртебеге ие.
Әсем Болатбекова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК коммерциялық емес АҚ Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары:
- Алматы қаласында 1622 қызметкер болса, солардың 1323-і екпе алды. 105 адамның вакцинаға қарсы көрсетілімі бар. Тек 6 адамның мәртебесі «көк» түсті. Бірақ олар ақысыз демалыстағы қызметкерлер.
Ал қоғамдық тамақтану орындарында вакцина алуға қарсы қызметкерлер көп болған. Сондықтан әкімшілер мен даяшылар, сондай-ақ аспаздар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуге тура келген. Тіпті рестораторлар клубы екпені насихаттайтын арнайы ролик түсіруге дейін барыпты. Ақыр соңында бұл саладағы қызметкерлердің 90 пайызы вакцина алған.
Гүлнар Қатыбаева, «Қазақстан рестораторлар клубы» қауымдастығының президенті:
- Бастапқыда екпеге қарсы қызметкерлер көп болды. Олар вакцинаға үлкен күмәнмен қарайтын. Әлеуметтік желіден түрлі ақпаратты оқып алған. Біз оларға бәрін түсіндірдік. Сөйтіп көбі екпе салдыруға көнді. Ал көнбегендер өз еркімен жұмыстан кетті.
Міндетті екпенің садарынан жұмыстан кеткен қызметкерлердің орнына адам табу оңайға соқпапты. Мұндай қиындыққа шаштараз иелері де тап болған.
Саид Тахиров, шаштараз желісінің директоры:
- Қарамағымда жұмыс істейтін 50 адамның 45-і вакцина алған. Екеуінің екпеге қарсы көрсетілімі бар. Қалғандары вакцинаның бірінші компонентін ғана алған. Қазір жұмысқа тек «жасыл» мәртебелі азаматтарды аламыз. Осы талаптың кесірінен әкімші таппай, біраз қиналдық.
Вакцина алуға қарсы қызметкерлер апта сайын ПТР-тест тапсырып, жұмысын жалғастыра алады. Алайда мұның қымбатқа түсетіні белгілі. Ал денсаулығына байланысты екпе ала алмайтын азаматтар арнайы анықтама әкелуі қажет. Оны өткізбеген жағдайда жұмыс беруші қызметкерді онлайнға көшіреді. Не болмаса уақытша еңбек демалысына жіберуі мүмкін.
Бүгіннен бастап күшіне енген қаулы аясында тексеріс әлі басталмаған. Оның қалай жүргізілетіні қазір мақұлданып жатыр.
Ержан Байтана, Санитария-эпидемиология бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Бүгінгі күні біз мемлекеттік органдармен бірлесіп «Атамекен» ұлттық палатамен бірлесіп тексеру алгоритмін даярладық. Осы аптада ведомствоаралық комиссияның қарауына бұл сұрақ енгізіледі. Бекітілген күннен кейін тексеру жұмысы басталады.
Екпесіз қызметкерлерді жұмысқа жіберген мекемелерге қандай көлемде айыппұл салынатыны да әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!