Әлемде вакцина алғандардың саны 2 миллиардтан асты
Куба әлем бойынша балаларға коронавирусқа қарсы екпе егуге рұқсат берген алғашқы мемлекет атанды. Аталған ел 2 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға жергілікті вакцинаны салуға кірісіп кетті. Чили де қалыспай, 6 жасқа толған балаларға қытайлық екпе салуды жоспарлап отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
07.09.2021
Ал Еуропа елдерінде 12 жасқа толған жеткіншектер тамыз айынан бері егіліп жатыр. Төрткүл әлемде вакцинаның екі компонентін толық алғандардың саны 2 миллиардтан асқан.
Кубада қауіпті кесел кеулеп барады. Бұл елде дертке душар болғандардың қатарында балалардың саны күрт артқан. Аурудың алдын алу мақсатында аталған мемлекеттің билігі ересектермен қатар балаларға да вакцина салуға кірісті. Осылайша Куба әлем бойынша арасында 2 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға екпе егуге рұқсат берген алғашқы мемлекет атанды. Оларға "Абдала" және Соберана" деп аталатын кубалық вакцина салынып жатыр. Бұл препараттарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған жоқ. Соған қарамастан кубалықтар зерттеу жүргізіп, отандық екпенің балалар үшін қауіпсіз екенін көз жеткіздік деп отыр.
Куба денсаулық сақтау министрлігі:
- Бұл препараттың үш дозасы салынуы тиіс. Ал жасөспірімдер соның кемі екеуін қабылдайды. Зерттеу нәтижелері отандық екпенің балаларға қауіпсіз екенін көрсеткен. Осы арқылы билік жыл соңына дейін халықтың 90 пайызын вакцианалауды көздеп отыр. Үкімет балаларға вакцина салуды қазан айына қарай аяқтап, сол кезде мектеп есігін ашуды да жоспарлаған.
Чили мемелекеті де жасы 6-дан асқан балаларға қытайлық «Коронавак» вакцинасын салуды ұйғарды. Мұндай шешім Латын Америка елдерінде алғаш рет қабылданды. Енді денсаулық сақтау министрлігі вакциналаудың басталатын күні мен тәртібін белгілеуі тиіс. «Синовак» екпесі сыналған зерттеуге 3-17 жас аралығындағы 4 мың бала қатысқан. Чили халқының 75 пайызы вакцинаның екі бірдей дозасын алып үлгеріпті.
Хериберто Гарсиа, халық денсаулығы институтының директоры:
- Балаларымызды лайықты қорғай алсақ, үлкендерімізді де қорғаған боламыз. Олардың отбасылары алаңсыз болады. Пандемия басталғанда, біз балаларға бұл ауру жұқпайды деп ойладық. Бірақ зерттеулер індеттің балалар арасында да тарала бастағанын көрсетті. Себебі, олар вакцина салдырмаған.
Еуропа елдері тамыз айында жеткіншектерді вакциналауды қолға алған болатын. Кәрі құрлықта 12 жасқа толған балалар өз еркімен індетке қарсы егіліп жатыр. Өйткені коронавирустың түрлі штамдары жасөспірімдерге жылдам таралуда.
Бүгін әлемнің дамыған 20 елінің денсаулық сақтау министрлері бас қосты. G20 кездесуінде ведомство басшылары қауіпті кеселмен күрестің түрлі жолдарын қарастырды. Олар вакцинация науқаны тоқтамай қарқын алса пандемия 2023 жылға дейін жалғасады деп болжады.
АҚШ, Канада, Сингапур мемлекеті 12 жастағы балаларға «Файзер» препаратын қолдануға рұқсат берген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, пандемия басталғалы мектептердің жабылуынан әлемде 660 миллион оқушыға зиян келді. Енді биылдан бастап жаңа оқу жылы көптеген елдерде офлайн басталуда. Сондықтан төрткүл әлем мемлекеттері оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарға алған. Ол үшін балаларды жаппай вакциналау қажет дейді мамандар.
190 мемлекетте вакцинаның екі компонентін толық алғандардың саны 2 миллиардтан асқан. Бұл көрсеткіште Қытай, Үндістан мен АҚШ әзірге үздік үштікте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!