Тоқаев: Кәсіпкерлерге субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек
Қазақстанда өңделген өнімнің, соның ішінде ұнның сыртқа шығарылу көлемі төмендеп кеткен. Ал Үкімет астыққа экспорт салығын енгізгісі келеді. Солтүстікқазақстандық диқандармен кездескен Тоқаев бұл бастаманы іске асыру әлі ерте деді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.09.2021
Елімізге өнімді экспорттауға қатысты қолайлы тариф саясаты қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан нарығына ұн жеткіземіз. Үкімет, сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бірақ қазір қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндірушілерге, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлерге субсидия механизмін қайта іске қосуымыз керек. Біз қосымша құн деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз.
Субсидияның рахатын тек ұн шығаратындар ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер де көре бермек. Президент болашақта бұл тетік жойылып, орнына пайызы төмен несиелер пайда болады деген пікірдің бар екенін де айтып өтті.
Мемлекет басшысы қазір шаруаларды қолдау маңызды дейді. Тоқаев Солтүстік Қазақстанға жасаған сапарында агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажеттігіне және оның қолжетімділігіне тоқталды. Заманауи техника болмаса, ауыл шаруашылығы дамымайды. Ал оған қарастырылған несие мөлшері төмен болуы тиіс.
Аймақта қазір егін жинау науқаны қарқынды. Диқандар 3 миллион гектар аумақтан 11 центнерге жуық бидай жинаймыз деген сенімде.
Президент сапар аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы туралы облыс әкімінің есебін тыңдады. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын компанияны, электротехника зауытын аралап, отандық өнім өндірушілерге Үкімет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!