{metadescription}
Вакцина:Маңғыстау комбинатында 70-тей адам жұмысына кіре алмай жүр
Вакцина:Маңғыстау комбинатында 70-тей адам жұмысына кіре алмай жүр

Вакцина:Маңғыстау комбинатында 70-тей адам жұмысына кіре алмай жүр

Маңғыстау атом-энергетика комбинатының 70-тен аса қызметкері екі күннен бері жұмысына кіре алмай жүр. Себебі: дер кезінде вакцина алмаған. Сондықтан кәсіпорын басшылығы айтқанға көнбеген жұмысшыларды ғимаратқа кіргізбей, ақысыз еңбек демалысына жібере бастады.

Ал жұмыс істеймін дегендері апта сайын ПТР-тест тапсыруы тиіс. Бірақ бұған көнбегендер екі күннен бері ғимараттың алдында тұр. 

Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатының көлік жүргізуші, дәнекерлеуші, құбыр жөндеушілері екі күннен бері жұмысына кіре алмай сенделіп жүр. Айтуларынша, басшылық «екпе алмасаңдар аттап баспайсыңдар» деп ескерту жасап есікті тарс жапқан. Оған көнбегендері апта сайын ПТР-тест нәтижесін өткізуі тиіс. Болмаса, ақысыз еңбек демаласына жіберіледі екен. Алайда наразы топ бұл талапқа келіспейміз деп отыр. Себебі: ұжымда вакцина алмағандар көп. Олар бәз-баяғыша жұмысын жалғастырып жатқан көрінеді. Сондықтан адамды алалауға жол бермейміз дейді жиналғандар.  

Наурыз Тоқтамысұлы, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жұмысшысы:

Бізге ескерту қағазын берді. Ал көбісі оны алмаған, олар жұмыс істеп жатыр. Олар да вакцина алған жоқ. Мәжбүрлеуге болмайды. Ит тістеп алса да,  вакцинаны өзім барып аламын ғой. Менің денсаулығымды өзімнен басқа кім ойлайды? Біз жұмысқа шықпаймыз деп жатқан жоқпыз. Жұмысқа сағат 7:30-да келіп тұрмыз.

Жанболат Иса, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жұмысшысы:

- Бұларға қойған талап, Еңбек кодексіндегі 112 баптың 1-тармағы. 50 пайызға жұмысқа жіберуге. Екінші талап: мекеменің өзі ПТР-тесттің ақшасын төлеп, жұмысқа шығаруды талап етіп отырмыз. Бұлар әлі шеше алмай отыр. Өз қалтамыздан бір айға ПТР-тест тапсырамыз деп коммиссия құрылған. Оған мына жұмысшылар келіспей тұр.

Наразылар аптасына тапсыратын ПТР-тесттің ақысын компания өзі төлесін  дейді. Себебі: онсыз да айлығымыз шайлығымызға жетпейді деп қынжылуда. Жалпы мұнайлы өңірді су, жылу, электр энергиясымен қамтитын комбинатта 3600-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның 300-ге жуығы вакцина алмаған көрінеді. Комбинат басшылығы жаңа қаулыға сай, екпе алмағандарды жұмысқа кіргізуге қақым жоқ дейді.

Андрей Могилин, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС адам ресурстарын басқару департаментінің директоры:

Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша вакцина алмағандарды жұмысқа кіргізбеу туралы айттық. Бәрі қаулыға сүйеніп жасалып отыр. Екпе алуға жарамайтындар анықтамасын әкелді. Бізде 3600-ге жуық қызметкер бар. Адам көп. Біреуі ауырып екіншісіне жұқтырып алса жұмыс тоқтап, қаланы су, электр энергиясы, жылумен қамтамасыз ете алмай қаламыз деп қорқамыз. Барлығы сақтық үшін жасалып отыр.

Серіктестік басшылығының айтуынша, екпе алуға денсаулығы жарамайтын қызметкерлер анықтамасын әкеліп жұмысын жалғастырып жатыр екен. Ал ереуілшілерге Ақтаудың бас санитар дәрігерін шақырып екпенің маңызын түсіндіріпті. Десе де наразы топ енді облыс әкіміне баруға бел буып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде