{metadescription}
Үй бағасын 9 пайызға арзандатқаны рас па?
Үй бағасын 9 пайызға арзандатқаны рас па?

Үй бағасын 9 пайызға арзандатқаны рас па?

Ірі құрылыс компаниялары үй бағасын 9 пайызға арзандатқан. Елорда мен Алматыда 15 пайызға дейін түсіріпті. Үкімет отырысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бүгін осындай жаңалық айтты.

Агенттік төрағасы құрылыс компанияларын «ауыздықтадық» деп мақтанып отыр. Дегенмен жыл басынан бері жалпы баспана нарығында жаңа үй бағасы 9 жарым пайыз, екінші сатылымдағылар 15 пайызға дейін өскенін жасырмайды.

Ал баспанаға қолы жетпей жүргендер мен нарықты сараптап отырған мамандар Жұманғаринның бұл мәлімдемесін мүлдем қисынсыз деп отыр. Олардың келтірген дәйегі қандай?

Агенттіктің мәліметінше, елде баспана бағасының өсімі тоқтамағанымен, ірі-ірі деген құрылыс компанияларының тәбеті біраз басылған. Олар шетінен бағаны түсіріп жатыр екен-міс. Құрылысқа қажет материалдар да шарықтап кеткенімен, олардың да құны агенттіктің арқасында пәленше пайызға арзандатылыпты.

Сөйтіп ел аумағында құрылыс компаниялары бағаны орта есеппен 9 пайызға түсірген. Жаңа үйлер бағасының өсімі 3-тен 0,4 пайызға, екінші сатылымдағылар 5-тен 1,1 пайызға бәсеңдеген. Құрылыс материалдарынан арматура 25. цемент 10, бетон 10, полиэтилен құбырлары 6, кабель 14, кірпіш 3 пайызға түсіпті.

Алайда нарықтың бел ортасында жүріп қымбатшылыққа ұрынып қалғандар жағдайды керісінше баяндап тұр. Қарағандылық Арманның пәтер іздеп жүргеніне бірер жыл уақыт болды. Былтырдан бері ақшаның басын құрап баспаналы болам ба дегенде баға шарықтап шыға келген. Агенттік төрағасы Үкіметте әлгіндей айтса да, Арманның оған сенгісі жоқ.

Арман Қазақбаев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Бастапқысы дегенде 10 пайыз болу керек. Мысалы, үй 30 миллион, 20 миллион  тұрса, оның 10 пайызы 2-4 миллион ғой. Қиын болады да. Былтыр мен үй алам дедім. Ақшаны жинап бастап едім, биыл алды да, үйдің бағасы қайтадан көтеріліп кетті. Бастапқысын жинап салам деген ақшам қайтадан көтеріліп кетті. Сондықтан түбіне жете алмай қойдық.

Арман ғана емес, жылжымайтын мүлік нарығының мамандары да бағаның не түсіп, не тоқтап жатқанын көрмей тұр. Сол ірі құрылыс компаниялары бағаны түсірді дегеннің өзі «құр сөз» дейді. Өйткені олардың бір реттік акция өткізуі мемлекеттік органдарға есепке тіркеліп кете береді. Мамандардың есебінше, үй нарығы былтырдан бері, керісінше, 10-15 пайызға өскен. Тіпті облыс орталықтарында эконом, комфорт санаттағы үйлер астананың бағасына жақындап қалған. Оған зейнетақы қорындағы артық қаражатты пайдалану мен осы жаздағы «Баспана хит» бағдарламасының аяқталуы негізгі екі себеп болды дейді.

Ғалым Сқақов, жылжымайтын мүлік кеңсесі желілерінің бас директоры:

- Енді қыркүйек айында, осы уақытта сұраныс көп болады. «Деловая активность» дейді ғой. Сондықтан осы уақытта адамдар қалаға қайтады, демалыстан келеді. Сондықтан сұраныс көп болады. Сұраныс көп болғаннан кейін сатушылар көп бола бастайды.

Үй нарығының немесе құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне Бәсекелестікті қорғау агенттігі бірқатар себепті атады: электр энергиясының тарифі орташа алғанда 12 пайызға, жанар-жағармай 15 пайызға, көмір 10 пайызға қымбаттаған.

Осы орайда Үкіметтің де мойнына жауапкершілік түсіп тұр. Президент соңғы жолдауында жалпы инфляция деңгейін қалайда 4-6 пайыз аралығына қайтаруды тапсырды. Оның қазіргі деңгейі 9 пайызға жуық. Оның ішінде азық-түлік 11 пайыздан асады. Доллар курсының жыл сайын көтеріліп келе жатқанын ескерсек, оның орындалуы да неғайбыл. Сондықтан инфляцияны, тым болмаса сөз жүзінде түсіріп көруге тырысады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде