Бесағаштықтардың зәресін ұшырған иттер ...
Бұралқы иттер тынышымызды бұзды. Алматы облысындағы Бесағаш ауылының тұрғындарды соңғы кездері қаңғыбас иттеркөбейіп кеткенін айтып шағымданып отыр. Ауыл жұртының сөзінше, үйірімен жүрген иесіз иттер көрінгенге үріп, әрі-бері адам өткізбейтін болған.
Автор: Мақсат Мәлік
08.09.2021
Көшеге шығуға қорқып қалған тұрғындар әкімдік пен жауапты мекемеден «күдеремізді үздік» дейді. «Жұмысымызға салғырт қарамаймыз» деген Талғар ауданы ветеринария бөлімінің қызметкерлері көп жағдайда жануар қорғаушылар кедергі келтіретінін айтады.
Бұралқы иттер зәре-құтын қашырған Бесағаш ауылының тұрғындары көшеде бала тұрмақ, үлкен кісілердің өзі қолына таяқ ұстап әрең жүретінін айтады. Әсіресе күннің қызуы қайтқанда қарасы көбейіп, маңайда үйірімен әрі-бері ойқастайтын иесіз иттер кезіккен адамға арсылдап, қуалай жөнеледі екен. Қауіпсіздігіне алаңдаған ағайын құтырған ит қапса, қауіпті ауруға шалдығамыз ба деп қорқады. Ал күндіз көшеде жан өткізбейтін төрт аяқтылар түнде бір-бірімен төбелесіп, таң атқанша көшені басына көтереді дейді шарасыз тұрғындар.
Қаламқас Дүйсебеков, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Маңайда ит үйірімен өріп жүреді. Балалар есік алдына шығып ойнамақ түгілі, көшемен емін-еркін жүре алмайсың. Қолымызға таяқ ұстап қорғанамыз. Топтасып жүретін қаңғыбас иттердің кесірінен іргемізде тұрған мектепке балаларды жаяу жіберуге қорқамыз.
Тұрғындар талай рет жергілікті әкімдікке шағымдандық дейді. Алайда «шақырусыз қонақтардың» қатары күн санап көбеймесе, азаймаған. Ал аудандағы ветеринария қызметкерлері иесіз иттермен күресті ешқашан тоқтатқан емеспіз дейді. Тіпті биыл ауданда аталмыш мәселені біржақты етуге 9 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. «Шақырту түскен жерге жедел жетеміз» деген мамандар ұсталған иттерді үш күн қамап қоятынын айтады. Егер сол аралықта иесі табылмаса, арнайы дәрі егіледі.
Әлдибек Болысбеков, Талғар ауданы ветеринария бөлімінің қызметкері:
- Бүгінде 2 мың 333 қаңғыбас ит ауланды. 8 миллион 165 мың теңге игерілді. Бригадада бес қызметкер жұмыс істейді.
«Қаңғыбас иттерге қарсы күресті күшейттік» деген мамандар жұмыс күші жеткілікті дейді. Алайда ветеринарлар жануар қорғаушылар тарапынан кедергі көп деп мұң шағады. Өйткені көшедегі төрт аяқтыларға тамақ таситын еріктілер ит аулаушыларды жолатпайды екен. Тіпті қарадай жазықты болып шығамыз дейді олар. Десе де ветеринарлардың жұмысына көңілі толмаған тұрғындар Бесағаш көшелерінде емін-еркін жүретін қауіпсіз күндерді асыға күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!