Азат Перуашев: Қаржы министрлігі бизнесмендерді сауын сиырындай көреді
Мәжілісмендер қаржы министрлігінің бизнесті тексеруге мораторийін алып тастау туралы ұсынысына қарсы шықты. Министрлік шағын және орта бизнестегілерді сауын сиырындай көреді деген депутаттар бұл бассыздықта Үкімет оң шешім қабылдар деп сеніп отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.09.2021
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
- Шенеуніктер пандемия, шектеулері жоқ, шағын және орта бизнесі күйремеген, таңертеңнен кешке дейін бизнесі қызып жұмыс істеп тұрған, есеп-қисабы түгел бір бөлек әлемде өмір сүретін секілді. Шағын және орта бизнестің иелерін қаржы министрлігі сауын сиыры ретінде көреді. Іс жүзінде олай емес. Олар сосын олигархтар не жемқорлар емес, миллиардтаған ақшасын офшорға шығарып жатқан жоқ. Олар өздері үшін жұмыс істеп отырған адамдар. Оларға тиіспей, керісінше, рақмет айту керек.
Қазақстандық кәсіпкерлер қаржы министрлігі тергеп-тексергенше, карантин кезінде жұмысты қиындатқан шараларды жүйелесін деген ойда. Онсыз да пандемия кесірінен шаруалары тұралаудың шақ алдында тұрған бизнесмендер тауарды таңбалау мен оған ілеспе жүкқұжат дайындау артық жұмыс екенін айтады. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғап шыр-пыр болған Перуашев министрліктен адал бизнесмендерге тиіспей, оларды барында бағалауды сұрайды. Ал алаяқ кәсіпкерлер жазасын тартуы тиіс. Мемлекеттік кірістер комитеті барлық шағын және орта бизнеске тиіспейміз деп ақталды. Салықтағылар барынша қашықтан, сараптамалық деректерді пайдалану арқылы тексеру жүргізуге тырыспақ.
Жайдар Іңкәрбаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
- Жаппай тексеру жүргізейін деп жатқан жоқпыз. Мәселен, халық тұтынатын тауарларды, айталық киім-кешек сатып алатындай көрінетін, бірақ азық-түлік сататын компаниялар бар. Ұзақ уақыт бойы, тоқсаннан тоқсанға, жылдан жылға осылай жалғаса береді. Бұдан дебеттік сальдо алу сызбасын байқауға болады. Бірақ біз барып оны көре алмаймыз. Олар халық тұтынатын қандай тауар қалғанын айтады. Яғни алдағы уақытта анық бұзушылық байқалатын болса, онда оны өз бетінше жоюға мүмкіндік береміз. Содан кейін ғана тексеруге бастама жасаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!