Қазақстанға шетелдік инвесторлардың қаржы құюы бәсеңдеген
Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға қаржы құюы азайып барады. Бұл Мәжіліс депутаттарын алаңдатып отыр. Мәселен, былтыр тікелей инвестиция ағынының көлемі 30 пайызға төмендеген.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.09.2021
Депутат Дариға Назарбаеваға үш жылдық ұлттық инвестициялық стратегия қалай жүзеге асырылып жатқаны қызық. Бұл стратегия 2017 жылы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жасалған. Құжат жаңа шетелдік инвесторлар «ақша бөледі-ау» деген ІТ, туризм және қаржы сияқты перспективалы салаларды анықтайды. Назарбаеваға бұл бағыттағы бәсекелестіктің қай деңгейде екені жұмбақ болып отыр. Тіпті инвестициялық жұмыста Үкіметтің қандай жаңа тәсілдер қолданғаны, оларды тәжірибеге енгізудің нәтижесі қандай болғаны беймәлім.
Мәжілісмен Үкімет басшысына жолдаған сауалында инвесторлардың шағымдары мен мәселелерін сәйкестендіру жүйесінің іске қосылып-қосылмағанын нақтылауды да өтінді.
Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:
- Стратегия инвесторлардың шағымдары мен мәселелерін сәйкестендіру жүйесін құруды көздеді. Бұл жүйе іске қосылды ма? Бұдан басқа, инвестициялық жобалардың мониторинг жүйесі енгізілді ме? Елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйіне жүйелі түрде талдау жүргізіліп жатыр ма? Стратегия шеңберінде оны іске асыру барысын талдауға негізделген «Қазақстанның инвестициялық ахуалының жай-күйі туралы жыл сайынғы баяндаманы» жариялау жоспарланған болатын. Осы баяндама жарияланды ма? 2020 жылы қандай негізгі тұжырымдар жасалды?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!